Ауыл әкімі түнде әйелді өз үйінде зорламақшы болды: сот үкім шығарды
Сотталушылардың екеуі де кінәлі деп танылып, бір жылға бас бостандығынан айырылды
Жетісу облысында жас әйелдің үйіне түнде заңсыз кіріп, оны зорламақшы болған ауыл әкіміне үкім шығарылды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Осы жылы жаз айында әлеуметтік желілерде Жетісу облысы Ақсу ауданындағы ауылдың бірінде әкім ауыл тұрғынын зорлауға тырысқаны туралы ақпарат тараған болатын. Мемлекеттік қызметкер түн мезгілінде төрт баланы тәрбиелеп отырған тұрмыстағы әйелдің үйіне терезе арқылы кірген. Әйел полицияға ресми шағым түсіріп, әлеуметтік желілерде мәлімдеме жасаған.
"Мен балаларыммен диванда ұйықтап жатқан едім, біреу менің үстімдегі киімді тартып жатқанын сездім. Ұйқылы-ояу күйде алдымен бұл менің күйеуім деп ойладым. Бірақ күйеуім Текеліде болатын, мен ұйықтар алдында онымен сөйлескенмін. Оянсам, қасымда бір ер адамның отырғанын көрдім, одан алкогольдің иісі шығып тұрды. Қатты қорқып, шошып, бөлмеден жүгіріп шықтым. Әкім есікке қарай жүгірді. Мен абдырап есікті ашқанда, дәлізде әкімдіктің тағы бір қызметкері тұрғанын көрдім", – деп баяндаған болатын жәбірленуші.
Бұл оқиға әлеуметтік желіде жарияланғаннан кейін қоғамда үлкен резонанс тудырды. Бұған дейін полиция "Тұрғын үйге қол сұғу" (ҚК 149-бабы, 2-бөлігі) фактісі бойынша тергеу басталғанын хабарлаған еді.
Сотқа іс екі айдан астам уақыт бұрын түскен болатын. 18 қарашада Ақсу аудандық соты шешім шығарды – сотталушылардың екеуі де кінәлі деп танылып, бір жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.
"Сотталушылардың кінәсі жиналған дәлелдермен, жәбірленушінің, куәгерлердің айғақтарымен және істің басқа материалдарымен дәлелденді. Жасалған қылмыстық құқықбұзушылық жеңіл қылмыстар санатына жатады. Жағдайды жеңілдететін себептер ретінде сотталушылардың бұрын сотталмағаны және кәмелетке толмаған балаларының бары есепке алынды, ауырлататын жағдайлар анықталмады. Осыны ескере отырып, сотталушылар тағылған айып бойынша кінәлі деп танылып, әрқайсысына бір жыл бостандығын шектеу жазасы тағайындалды", – деп мәлімдеді Жетісу облыстық сотының баспасөз қызметінің жетекшісі Нұрсұлтан Орынбасаров.
Ведомство қосымша атап өтті, аудандық соттың үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ. Бұған дейін полиция қылмыстың жасалу себебін нақтыламаған болатын.