"Дәмін көрмедім": Ауыл шаруашылығы министрі елімізде хитке айналған шайн-мускатты қосымша тексеруден өткізетінін айтты
Министр бұл жемісті өзі жеп көрмегенін мойындады
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәжіліс кулуарында сәнге айналған корей жүзіміне тоқталды. Қазіргі уақытта экзотикалық жемістер Қазақстанның супермаркеттерінде, базарларында сатылып жатыр. Министр тағы да сынама алынатынын айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі NUR.KZ сайтына сілтеме жасап.
Журналистер Ауыл шаруашылығы министрінен корей жүзімінің зияны бар ма деп сұрады. Олардың айтуынша, өнімдегі нитраттардың мөлшері асып кеткен деген ақпарат бар.
"Өнімдер елге келгенде, біз оларды стандартқа сай ма білу үшін барлық сертификатын қараймыз. Олар міндетті түрде біздің сынамадан өтіп, зертханаға жіберіледі. Егер сізде сұрақтар болып жатса, оны қайтадан тексерейік. Өтініш жазыңыз, біз тексереміз. Нәтижесін айтамыз", - деді министр Айдарбек Сапаров.
Министр бұл жемісті өзі жеп көрмегенін мойындады.
"Жоқ, мен дәмін көрмедім. Бүгін жеп көремін, тексереміз. Тапсырма беремін, корей жүзімдерін қайта тексереміз, олар шекарадан өткендіктен, барлық сертификаты болуы керек. Егер жасырын жолмен әкелінсе, бұл – басқа мәселе. Сондықтан мен бүгін комитет өкілдеріне тапсырма беремін сынамасын алсын деп. Қосымша нәтижесін айтамыз", - деп сендірді Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы.