“Отбасыңды өлтіреміз деп қорқытқан”: Қызылордада секс-құлдықта болған қыздың анасы шындықты айтты
Қыздың анасы Қызылордадан кетуді ойлап жүргендерін айтады
Қызылордада сыныптастары жезөкшелікпен айналысқан 16 жастағы қыздың анасы оқиға туралы баяндап берді. Бұл жайттан соң отбасы қиындыққа тап болған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Airan.media-ға сілтеме жасап.
Айтуынша, қызды сыныптастары өздері түсіріп алған видеомен әрдайым бопсалап отырған.
”Бұл оқиға 500-600 теңгеден басталған. Сыныптастары ақша сұрайтын. Кейін олардың қатарына туысқан әпкесі қосылады. Басында ол өзінің таныстарымен мақтанған, сөйтіп қорқытады. Артынша ішімдік ішіп, видеоға түсіреді. Содан кейін қызым мен сыныптасына да ішімдік ішкізіп, бұл жолы екі қызды видеоға түсіріп алған. Артынша қызымды ұрып, тағы видео түсіреді. Осы видеолармен қызымды қорқытап, бопсалаған. Сөйтіп ақша сұрап отырады, қымбат телефонын күштеп тартып алған. Кейін соққыға жығып, телефонымен kyzdarnet сайтына тіркейді. Кәдімгі сутенерлер сияқты. Боспалаған қыздардың артында спортшылар, құқық қорғау органдарында жұмыс істейтін туыстары тұр”, – дейді қыздың анасы.
Қыз сыныптастарына қарсылық көрсеткенімен, олар әрдайым «ата-анаңа айтамыз» деп қорқытып отырған. Тіпті алғашқы клиенттерді өздері тауып беріп отырған. Бұл жайында сынып жетекшісі білген екен.
“Қызым қарсылық көрсеткен сайын олар оны соққыға жыққан. Отбасыңды өлтіреміз деп қорқытқан. Алғашқы клиенттерді де өздері тауып берген. Қаңтар айынан наурыз айына дейін қызымның телефоны сол бопсалаушылардың қолында болған. Клиенттер қызымның жасын сұрамаған. 18 жаста деп көрсеткен екен. Олардың арасында құқық қорғау қызметкерлері де болған. Ата-анаң ешнәрсе істей алмайды деп айтқан. Қызым да бізді ештеңе істей алмайды деп ойлаған. Сынып жетекшісі болған оқиғаның барлығын естіген. Басқа сыныптың балалары да білген, қызымды мазақ еткен”, – дейді.
Анасының айтуынша, қызы әлеуметтік желі арқылы бір жігітке барлық шындықты айтып берген.
“Қызым әлеуметтік желіде танымайтын 21 жастағы жігітке жазған. Оған барлығын айтып береді. Сөйтіп үйдің жанына келіп, әкесіне хабарласқан. Күйеуім қызымызды алып кетті. Жағдайы сұмдық болатын. Полиция бөліміне алып барса, ол кезде жабық болған. Кейін үйге келіп, қызым болған жағдайдың барлығын айтып берді. Сыныптастары мен туысқан әпкесі ақша үшін осындай нәрсе жасауға мәжбүрлегенін айтты”, – дейді әйел.
Қазіргі уақытта қызының ауырып жатқанын айтады. Жақында жекеменшік ауруханаға жатқызады. Отбасы Қызылордадан көшуді ойлайды.
“Қызылордадан көшуіміз керек. Біз бұлай өмір сүре алмаймыз. Қазірдің өзінде жұмыс істей алмаймыз. Қызым бұлардың артында аудандағы жігіттер тұрғанын айтады. Бір жігіт көшеде келіп маған бұл істі "қазбалама” деп айтып кетті. Бірақ мен қызыма осыны істегендердің жазаға тартылғанын қалаймын. Қызым қазір ауырып жатыр. Жақында оны жекеменшік ауруханаға жатқызамыз. Бір жыл үш айдан кейін алғашқы сотталғандар бостандыққа шыға бастайды. Бұл заңды қалай түсінуге болады. Бізде заң кімге арналған?” – дейді қыздың анасы.