Басты жаңалықтар

«Анасына үй де ұсындық»: Қызылордада сыныптастары жезөкшелікке мәжбүрлеген қыз туралы тың ақпарат айтылды

Қазіргі кезде тергеу амалдары жүргізіліп жатыр

Бүгін брифинг барысында Нәлібаевке Қызылордада болған жантүршігерлік оқиғаға байланысты сұрақ қойылды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.

Қызылордада зорлыққа ұшыраған оқушының анасымен сөйлескенбіз. Ол кісі осы оқиғадан кейін «өңірден көшеміз» деп отбасының қауіпсіздігі үшін алаңдап отыр. Сіздің жаңа сөзіңізден ұққанымыз, осындай шулы оқиғалардан кейін кадрлық өзгерістер болмаған. Сіздіңше, өзіңіз айтқандай, жай түсіндіру жұмыстарымен осындай оқиғалардың алдын алуға болады деп ойлайсыз ба? Мұндай жайттар үлкен кадрлық шешімдерге негіз бола алмайды деп есептейсіз бе? – деп сұрақ қойылды Нәлібаевке.

Бұл сұраққа жауап берген облыс әкімі Оқу-ағарту министрінің қатысуымен өңірдегі төрт ауданда үлкен жиын өткізіліп, мәселе жан-жақты талқыланғанын айтады. Балалардың тәрбиесі мәселесі талқыланған жиынға ата-аналар комитетін, зиялы қауым өкілдері қатысып, ауыл әкімінен бастап ортақ іске бәрін атсалысуға шақырған. 

«Бізде бәрі бір-бірін жақсы біледі. Ағайын-туыс, көрші-қолаң араласып жатқан. Олардың бәріне қатаң тапсырдық, міндеттедік. Оған құқық қорғау органдарының басшылары да қатысты. Олар атқарылып жатқан жұмыстар туралы, алда не істеу керектігін айтып, баяндама жасады. Ұсыныстарын берді. Осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Күнделікті рейдтер жүргізілуде. Оның бәрін әлеуметтік желіден көрсеңіздер болады. Құқық қорғау органдарымен бірге біздің білім саласының қызметкерлері, әкімдік, бөлім қызметкерлері, әріптестеріміз күнделікті рейдтерді жүргізуде. Қалада да, аудан орталықтары мен ауылдарда да. Алдағы уақытта біз бақылаймыз. Әрине, бұл жағдай өте өкінішті. Орын алмау керек. Болдырмауға жұмыс жасаймыз. Бірақ бір осындай кемшілікке бола біз басқарма басшысын қызметтен босатар болсақ, ол болмайды ғой. Басқа да еңбектерін бағалауымыз керек қой. Алдағы уақытта да нәтиже шығармайтын болса, осындай кемшіліктер орын алса, онда міндетті түрде шешім қабылданады. Басқарма басшысы министрліктің тікелей бақылауында. Бұл жұмыс та министрліктің бақылауында. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Кім кінәлі? Бәріне кеңінен жауап беріледі», – дейді Нәлібаев.

Әкім осы іс бойынша әртүрлі деректер барын, оны айтып тұру өзіне ыңғайсыз екенін айтады. Ал зардап шеккен оқушы қыздың анасына басқа үй де ұсынылған. Ол кісінің анасы оқиға болған кезде әкімнің айтуынша, Алматыда жүрген. Келгеннен кейін әкімдік қызметкерлері, құқық қорғау органдарының өкілдері сөйлескен.

«Басқа үйге барғыңыз келетін болса деп басқа үй де ұсынғанбыз. Бірақ өз пәтерінде тұрам деді. Ары қарай да оны қолдауға дайынбыз», – дейді ол.