"Ол да қыз асырап отыр екен": Ақтөбеде әйелді көлік үшін айуандықпен өлтірген ер адам 22 жылға сотталды
Көлігін сатпақшы болған 55 жастағы әйелге ер адам клиент ретінде хабарласқан
Ақтөбеде 55 жастағы әйелді айуандықпен өлтірген күдіктіге үкім шықты. Сотталушы автокөлік үшін адам өлтіруге дейін барған. Енді ол 22 жыл өмірін түрмеде өткізетін болады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК жаңалықтарына сілтеме жасап.
Үкім тыңдауға кісі қолынан мерт болған марқұмның жақындары ғана келді. Ал сотталушы тарапынан ешкім жоқ. 44 жастағы Қасымхан Үсенов соңғы сот отырысында бетін көлегейлеумен болды. Осыдан бес ай бұрын 55 жастағы әйел автокөлігін сатпақшы болады. Сотталушыға клиент болып хабарласып, көлікті көрмекке кездеседі. Қала сыртына қарай шыққан кезде рульде отырған әйелді белдікпен қылқындырған. Демі таусылған кезде, мәйітті сол маңдағы ағаш арасына апарып тастай салған. Ең сорақысы, өлікті адам танымас үшін бетін пышақпен тілгілеген. Құны 150 мың теңгелік алтын алқасын шешіп алған. Енді осы қылмысы үшін 22 жылға бас бостандығынан айрылды. Марқұм, өзін қылқындырып жатқанда 112 нөмірін теріп көмек те сұраған. Бірақ кезекшілікте отырған құтқарушы қоңырауға мән бермеген. Осыдан екі ай бұрын төтенше жағдайлар департаментінің ол қызметкері екі жылға шартты түрде сотталған. Марқұмның туыстары сотталушыға кескен жазамен келісетінін айтады.
«22 жыл үкімді сот мырза беріп отыр. Прокурор 23 жыл беріп еді. Біз өмір бойы деп қанағаттанып тұрмыз. Өмірлік жаза болса, өмірлікке жіберер еді. Өмірлік деген жаза бермей тұр ғой, заңда. Адам орнына келмейді енді. Ол да қыз асырап отыр екен. Бір Аллаға тапсырдым», - дейді марқұмның әпкесі
Гүлнәр Сұлтанбаева.