«Қыздың ерні жыртылып, көзі ісіген»: Ақтауда бұрынғы қызын ұрып тастаған ер адам ұсталды (ВИДЕО)
Оқиға Ақтаудағы дәмхананың алдында болған
Ақтауда бұрынғы сүйіктісін ізінен қалмай жүріп ұрып тастаған ер адам қамауға алынды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Ақтау қаласының полиция қызметкерлері күдікке ілінген ер адамды ұстады.
Бұрынғы сүйіктісін ұрып-соққан ер адам Ақтау қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Осы іс бойынша тергеу жалғасып, оқиғаның барлық мән-жайы анықталады.
Айта кетсек, осыған дейін әлеуметтік желіде ер адам қызды аяусыз ұрған видео тараған болатын.
Оқиға Ақтаудағы дәмхананың алдында болған. Ер адам қызға қол көтеріп, жерге құлатқаны көрінеді. Кейін оқиға куәгерлері қызға ара түскенімен, ер адам оны алып кетеді.
"Қыздың ерні жыртылып, көзі ісіп, денесі көгеріп, өлім аузынан қалған. Құрбыларының айтуынша, жігіт бірнеше айдан бері қыздың ізінен қалмайды, аңдиды. Жәбірленуші талай арыз жазғанымен, полиция ешқандай шара қолданбайды, себебі ол жігіттің органдарда жұмыс істейтін досы бар екен. Жәбірленуші қыздың құрбыларына шығып та қорқытқан", - деп жазылған әлеуметтік желідегі топтардың бірінде.