«Бауырына салу» фильмі тағы бір халықаралық марапатқа ие болды
«Бауырына салу» фильмінің операторы Жанарбек Елеубек Asia World Film Festival (AWFF) фестивалінде «Үздік операторлық жұмыс» жүлдесін еншіледі, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Асхат Кучинчирековтің «Бауырына салу» фильмі Қазақстан атынан ресми түрде «Шетел тіліндегі ең үздік фильм» номинациясында 2025 жылғы «Оскар» сыйлығына ұсынылды.
Фильм ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау орталығының қолдауымен түсірілген.
Айта кетейік, "Бауырына салу" фильмінің премьерасы өткен жылы Сан-Себастьян кинофестивалінде өтті. Онда фильм сыншылар мен көрермендер тарапынан жоғары бағаланды. Фильм қазақ дәстүрі бойынша әжесінің тәрбиесінде болған баланың тарихын баяндайды.
Еске салсақ, бұған дейін бұл фильм Франциядағы Cinema Heritage фестивалінде арнайы жүлдеге ие болды. Ұйымдастырушылар кинотуындыны жоғары бағалап, фильмді ЮНЕСКО-дағы басым бағыт саналатын мәдени әралуандықты насихаттауда мәні зор туынды деп тапқан.