Су тасқыны: Ақмола облысында үй салуға бөлінген қаражаттың 300 миллион теңгесі ұрланған
- автор Томирис Тоныкөк
- 27 қараша, 2024
- 398
Ақмола облысына су тасқынынан кейін үй салуға бөлінген қаражаттан 300 миллион теңге ұрланған. Бұл туралы үкімет мәлімдеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Қазіргі уақытта Атбасар ауданының әкімдігіне қарасты құрылыс бөлімі, "Престиж Строй 7" және "Фундаменталь" ЖШС-нің басшыларына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталды. Екі күдікті сот санкциясымен күзетпен ұстауға, қылмысқа қатысы бар үшінші адам үйқамаққа алынды.
"Аталған қаражаттар 2021 жылы үкімет резервінен Атбасар ауданында су тасқыны аймағында тұратын 200 жанұяны көшіру үшін 100 пәтерлі екі үй салуға бөлінген. Күдіктілер әрекеттері аса ірі көлемде жымқыру – талан-таражға салу, яғни Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі бойынша сараланды. Көрсетілген бап бойынша мүлкін тәркілеумен қоса 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған", – делінген хабарламада.
Тергеу барысында қылмыстық жолмен алынған мүлік пен банк шоттарда 50 млн теңгеден астам ақшалай қаражат табылды. Ал тыйым салынған мүліктің бағаланған құндылығы 335 миллион теңгеден асты.
Прокурорлармен, аталған мүліктің бір бөлігі жалға беріліп, қылмыстық пайда түсірілгені анықталды.
Сол себепті, бір күдіктінің әрекеті қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату), яғни Қылмыстық кодекстің 218-бабы 3-бөлігі бойынша қосымша сараланды. Бұл үшін мүлкін тәркілеумен қоса 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Осы уақытта қылмыстық процеске қатысушылармен қылмыстық іс материалдарымен танысу жүріп жатыр.