Басты жаңалықтар

«Менен кетпейсің, кетсең тек мәйітің кетеді»: Ұлытау облысында қолдан жол апатын жасаған ер адам қалыңдығын өлтіріп тынды

Ер адам өз әрекетін кісі өлтіру емес, кездейсоқ апат деп санайтынын жеткізген

Ұлытау облысында той қарсаңында қолдан жол апатын жасап, қалыңдығын өлтірген ер адамның жазасы күшейтілді. Марқұм туыстарына күйеу жігітінің қол көтеретінін айтып, көмек сұраған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі “Патриот” порталына сілтеме жасап. 

Сол күні ер адам қалыңдығы мен оның отбасы мінген көліктің артынан қуып, бірнеше рет әдейілеп соққан. Автокөліктің ішіндегі бойжеткен қаза тауып,  інісі мен анасы ауруханаға түседі.

Некелескенге дейін жігіт пен қыз бірге Қаражал қаласында тұрған. Бірақ ер адам қалыңдығын жиі ұрып келген.

Марқұм көршілерінен телеыон сұрап, ата-анасына қоңырау шалған. Өзін алып кетуді өтініпті. Ал телефонын күйеу жігіті тартып алған. 

Қыздың анасы қызымен сөйлескен соңғы әңгімесін есіне алды. Айтуынша, күйеу жігіт қызды өлтіремін деп қорқытқан.

"Ол қызыма “менен кетпейсің, кетсең тек мәйітің кетеді. Ал егер көмекке анаңды шақырсаң, бұл жерден екі мәйіт шығады. Сенің және анаңның” деп айтқан”, – деді анасы.

Әйел болашақ күйеу баласының агрессиясынан шошып, қызын Қарағандыға алып кетпекші болған. Бірақ Қаражалдан Қарағандыға қарай кетіп бара жатқанда ішімдікке сылқия тойып алған күйеу жігіт көліктің алдыңғы және бүйір терезесін темірмен ұрып сындырған. Көлік тізгінінде отырған қыздың інісінң досы Қаражалға қарай бұрылған. Ол полицияға бармақ болған. Алайда мас ер адам оларды қуып жеткен. Көліктің артқы бампері мен сол қанатына бірнеше рет соққы жасайды. Салдарынан көлік жолдан шығып, аударылады. 28 жастағы Арайлым көз жұмып, анасы және 23 жастағы інісі екі досы зардап шеккен.

Бірақ ер адам өз әрекетін кісі өлтіру емес, кездейсоқ апат деп санайтынын жеткізген. Бірақ лак-бояу сараптамасының қорытындылары бойынша күдіктінің көлігінің бамперге және жәбірленушілердің көлігінің сол қанатына тікелей механикалық әсері болғанын көрсетті. 

Оған "жол ережесін бұзу, кісі өлтіруге оқталу” бойынша айып тағылды. Күйеу жігіт өзіне тағылған айып пен сот үкіміне қарсылығын білдіріп, аппеляциялық шағым берді. 

“Ұлытау облысы сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасы үкімді қатаңдатты. Дегенмен ер адам үкімді жеңілдетуді сұрады. Ол қылмысты "кісі өлтіру" және "екі немесе одан да көп адам өміріне қастандық жасау" бабын – "абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол ережесін бұзу" 345-бабына қайта саралауды сұрады.

Бірақ сот алқасы Қылмыстық кодекстің бабын өзгертуден бас тартып қана қоймай, тіпті үкімді қатаңдатты. Ол енді 12 жылдың орнына ең жоғары қауіпсіздік колониясында 16 жыл отырады”, – делінген хабарламада.