Путин: Қызылорда, Тараз және Түркістанда жаңа орыс мектептері салынады деп сенеміз
Қазір Қазақстанда шамамен 7 мың мектеп бар, соның ішінде 1160-ы – таза орыс тілінде білім беретін болса, 2 мыңнан астамы аралас мектептер
Ресей президенті Владимир Путин Қызылорда, Тараз және Түркістанда жаңа орыс мектептерінің ашылатынына сенімін білдіретінін айтты. Бұл туралы ол "Казахстанская правда" газетінде жарияланған мақаласында тілге тиек етті, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
"Ресей Қазақстанда орыс мектептерін салуды және орыс тіліндегі білім сапасын арттыруды қолдайды. Жақын арада Қызылорда, Тараз және Түркістанда жаңа орыс мектептері салынады деп сенеміз", – деп жазды Ресей президенті.
Сондай-ақ, Путин Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "орыс тілін қолдау жөніндегі халықаралық ұйым" құру бастамасына алғысын білдірді.
Қазір Қазақстанда шамамен 7 мың мектеп бар, соның ішінде 1160-ы – таза орыс тілінде білім беретін болса, 2 мыңнан астамы аралас мектептер.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресейлік "Известие" басылымына берген мақаласында "Іргелес жатқан Ресей қалаларында Қазақстан мектептері ашылады деп сенеміз" деп жазған болатын.
Айтуынша, қазіргі уақытта Ресейдің жоғары оқу орындарында 60 мыңға жуық қазақстандық студент білім алып жатыр. Бұған қоса, Астанада Мәскеу халықаралық қатынастар мемлекеттік институтының филиалын, ал Омбыда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің өкілдігін ашу жоспарланып отыр.