55 жастағы дәрігер кабинетінде 88 әйелді зорлап, жасырын видео түсірген
Ең жас құрбан 15 жаста болса, ең үлкені 67 жаста болған
Норвегияда 55 жастағы дәрігер 20 жыл бойы сексуалдық зорлық-зомбылық көрсеткен әрекеттері үшін айыпталуда. Арне Байға қатысты сот тыңдауы басталды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Норвегияның 2 600 тұрғыны бар шағын Фроста коммунасындағы дәрігер Арне Бай пациенттерін зорлады деп айыпталуда.
Іс материалдарына сәйкес, 2004 жылдан 2022 жылға дейін дәрігер гинекологиялық тексерулер кезінде 6 мың сағаттық бейнематериалды жасырын түсіріп отырған. 96 әйел жәбірленуші ретінде танылды. Оның 88-і зорлық көрген. Ең жас құрбан 15 жаста болса, ең үлкені 67 жаста болған.
Тергеу мәліметінше, Бай медицинаға қатысы жоқ манипуляциялар жасаған.
Айыптау актісінде ол саусақтар мен әртүрлі заттарды пайдаланып, пациенттердің интимді аймақтарына рұқсатсыз қол сұққаны және бұл әрекеттер әйелдер қарсыласуға физикалық тұрғыда қабілетсіз болған кезде орын алғаны жазылған.
20 жылдан астам уақыт дәрігерлік қызмет атқарған Арне Бай жергілікті халықтың сеніміне ие болған. 2020 жылы ол COVID-19 пандемиясымен күреске қосқан үлесі үшін марапат та алған. Алайда, бұл қоғамдық бейненің артында барлық коммунаны есеңгіреткен айыптар жасырынған.
Арне Бай өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, бейнематериалдарды кәсіби этикасының дәлелі ретінде пайдаланбақшы.
«Біздің клиент бұл айыптаулардың өте ауыр және кең ауқымды екенін түсінеді. Уақыт өте келе бұл іс клиентіміз, жәбірленушілер мен олардың жақындары үшін үлкен жүкке айналды. Бірақ сот үкімі шықпағанша, айыпталушы кінәсіз деп танылуы тиіс екенін атап өткіміз келеді», – дейді дәрігердің қорғаушысы Эрленд Хьюлстад Нильсен.
Сот ісі тағы төрт айға созылады деп жоспарлануда. Тергеушілер барлық дәлелдерді мұқият тексеріп, жәбірленушілер үшін әділдікке қол жеткізуді көздеп отыр.