«Айналада қыз-қырқын»: Алмат Сақатов «жұлдыз ауруына» шалдыққан кезін есіне алды
Дастархан жаюлы, жігіттер қасыңда, арқаңнан қағып қояды, айтқан сөзіңнің бәрі күлкілі
Белгілі актер Алмат Сақатов бір жылдары "жұлдызды ауруға" шалдығып, досынан айырылып қала жаздаған. Бұл туралы Qazaqstan арнасына берген сұхбатында бөлісті, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Айтуынша, есімі көпке танымал кезде айналасында достар көп болған.
«Ол кезде досым көп. Бильярд ойнап отырғанмын. Айналада қыз-қырқын. Дастархан жаюлы, жігіттер қасыңда, арқаңнан қағып қояды, айтқан сөзіңнің бәрі күлкілі. Қазір ешкім күлмейді ғой. Ол кезде анегдот айтсаң құлай беретін. Сөйтіп отырған кезде Ержан Алматыға отбасымен келеді де маған қоңырау шалады. Мен алам «бұл кім?» деймін. Ержан «мен» дейді. «Қазір звандаймын» деймін де, ұмытып кетем, болды. Ал ол отбасымен Алматыға келеді. Жағдай нашар кез еді», – дейді ол.
Өзін қалаға іздеп келген досы актерға сол күйі хабарласпай, біраз уақытқа дейін ренжіп жүрген.
«Бес-алты жыл өкпелеп жүреді. Мен түсінбеймін. Жауап бермейді. Қоңырау шалсам, көтермейді. Содан кейін барып, біреулер «саған ренжіп жүр» деп айтты. Бір күні досымыздың қызының тойына барған кезде тура қарама-қарсы отырдым да, «не болды?» дедім. Ол мені сөзбен соқты. «Мынау болған, мынау болған» деп тұрып... Жыладым анау жерде отырып алып! «Ренжімеші, кешірім сұраймын» деп», – дейді ол.