Мәдениет

«Ол кісіні іздемеймін»: Луина анасының із-түссіз жоғалып кеткенін айтты

Әнші анасын соңғы рет 3 жасында көрген

Әнші Луина балалық шағын еске алып, анасының із-түссіз жоғалып кеткенін айтты, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі.

Бұл туралы өнер иесі "Din Dina show" телебағдарламасына берген сұхбатында әңгімеледі.

“Үш жасымда әкем мен анам ажырасып кеткен. Бес жасқа толғанда анам із-түссіз жоғалып кетті. Содан кейін оралмады. Ол кісіге не болғанын білмеймін. Анам есімде қалмады. Тек шашымды өріп бергені және жоғалып кеткен түн ғана есімде. Сол түні ұйықтамадым. Қазір мен ол кісіні іздемеймін. Кейде әпкем немесе ағам қоңырау шалғанда анам табылғанын айта ма деп қорқамын. Мен бұл сезімді түсіндіре алмаймын. Жай ғана қорқамын. Менен 4 жас үлкен ағамды уайымдаймын. Ол анамды әлі де іздеумен келеді. Анам жоғалып кеткен кезде ол 9 жаста еді. Анам бізді тастап кеткен кезде үйде ағам екеуміз болдық. Оған бұл жағдайды қабылдау қиын болды. Ол "анамды қорғай алмадым" деп жылайтын. Кейде өзін кінәлап жатады”, – дейді әнші. 

Сондай-ақ Луина әкесі жайында білмейтінін де айтты. 

“Олардың ажырасуына не себеп болғанын білмеймін. Бірақ менің бет-әлпетім әкеме ұқсаған. Ол кісінің мені танитынына, кім және қайда екенімді білетініне сенімдімін. Өйткені оның бірінші отбасынан балалары бар. Олар мені 10 жыл бұрын іздеген болатын. Менде анамның суреттері бар, желіге жүктеген болатынмын. Анамның жоғалып кеткені туралы жиі ойлап тұрамын. Ол бір рет болсын түсіме кірген жоқ. Соған қарағанда тірі шығар деп ойлаймын. Онымен кездесе аламын ба білмеймін. Бірақ ағам үшін қатты уайымдаймын”, – дейді Луина.