Басты жаңалықтар

696 млн теңге: Астананы Жаңа жылға безендіру үшін қанша қаражат бөлінетіні белгілі болды

Қыс мезгіліне қызу дайындық жүргізілуде

Биыл Астана көшелерін Жаңа жылдық безендіруге қала әкімдігі 696,7 млн теңге бөлуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Қыс мезгілінде Астана тұрғындары мен қонақтарына арнап ашық аспан астындағы ойын-сауық орындары әзірленуде. Мұз айдындары, сырғанақтар, шағын архитектуралық мүсіндер, фотоаймақтар қаланың 6 ауданында ашылады. 60-қа жуық демалыс орындары пайда болады.

 "Аудандарда әкімдік балансында бар шыршалар орнатылады. Көшелерді жаңа жылдық безендіру үшін былтырғы гирляндалардың, қондырғылардың және өзге де әшекейлердің бір бөлігі пайдаланылады. Қысқы демалысқа арналған бірқатар алаң арнайы тақырыптағы шағын архитектуралық нысандармен және жарық қондырғыларымен безендіріледі"- делінген хабарламада.

Сонымен қатар әр ауданда, сауда-ойын сауқ орталықтары мен "Астана арена" аумағында сәулет нысандары, шыршалар орнатылады. Қала тұрғындарының демалуы үшін мұз айдындары да ашылмақ.

Аудандық әкімдіктер қысқы безендіру жұмыстарына шамамен 696,7 млн теңге бөлуді жоспарлап отыр.

Оның ішінде: Нұра ауданы – 79 млн теңге;

Сарыарқа ауданы – 110 млн теңге;

Алматы және Сарайшық ауданы – 165 млн теңге;

Байқоңыр ауданы – 158,8 млн теңге;

Есіл ауданы – 183,9 млн теңге.

 Әкімдіктің ресми сайты хабарлағандай, мұз айдындарын, слайдтарды, шағын архитектуралық мүсіншелерді, фотоаймақтарды орнату және басқа да безендіру жұмыстарын желтоқсанның екінші онкүндігінде аяқтау жоспарланып отыр.