Антарктиданың мұзды суын қазақ қызы алғаш рет жүзіп өтті
- автор Томирис Тоныкөк
- 3 желтоқсан, 2024
- 119
Әнел Сытдықова «Қазақстанның Темірдей ханымы» ретінде танымал болып, жаңа рекорд орнатып, Антарктида суын алғаш рет жүзген қазақстандық әйел атанды, деп хабарлайды KYN.KZ арқпарат агенттігі Orda.kz сайтына сілтеме жасап.
Ол өзінің Instagram парақшасында айсбергтер мен пингвиндер ортасында суық суда және қатты желде жүзу оның мансабындағы ең суық әрі қиын жаттығу болғаны жайлы жазба жариялады.
«Біз 10 қарашада Дрейк бұғазы арқылы екі күн жүзіп Антарктидаға келдік. Біздің топта ЮАР, АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Венгрия, Малайзия, Австралия және Қазақстаннан 13 жүзуші мен бір дәрігер болды. Біздің қатарымызда Ice Seven титулына ие әлемдегі үш адамның бірі Кейт Стилс пен Oceans Seven титулының иегері Линтон Мортенсен сияқты атышулы әрі мықты жүзгіштер болды», — деді Әнел Сытдықова.
Оның айтуынша, 10 күндік Антарктидадағы сапар кезінде қиындықтарға да тап болған.
«Антарктидада сен тек ол мүмкіндік бергенше жүзесің, жоспарланған қашықтық пен жылдамдыққа қарамастан солай. Мен үшін бұл ең суық ауа-райында жүзу болды. Судың температурасы минус 1,4 градус және желдің жылдамдығы 35 шқ/сағат. Айсбергтер мен пингвиндер арасында жүздік. Осыдан таңғажайып тәжірибе мен әсер алдық», — деді ол.