«Штрафстанды жасап»: депутат кәсіпкерлерге салынатын айыппұлдарға қарсылығын білдірді
- автор Томирис Тоныкөк
- 4 желтоқсан, 2024
- 79
Бүгін Мәжілісте «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Бірақ «Ақ жол» партиясының жетекшісі Азат Перуашев құжатқа қарсылық білдірді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Ол айыппұлдарды тағы да көбейтуді көздейтін заң жобасын сынға алды.
«Айыппұлдар бұзушылықтардың алдын алу және тұтынушылардың мүдделерін қорғау үшін қажет. Аталған заң жобасын талқылау барысында «Ақ жол» фракциясына екі мыңнан астам кәсіпкерден айыппұлдарды азайтуды сұрап өтініш түсті. Дүкеннің бағадағы қателік үшін жеті жүз мың теңге айыппұл төлеуден гөрі жүз 100 мың тексерушіге бере салғаны қолайлы», - дейді ол.
Перуашев орынсыз қомақты айыппұлдар жағдайдың алдын алу үшін емес, бизнесті бопсалау ретінде қолданыла бастағанын жеткізді.
«Айыппұлдар, айыппұлдар болып кетті. Біздің шенеуніктер мемлекет айыппұл салып қана қоймай, ынталандыруы да қажет екенін ұмытып кеткен сияқты. Мынау ұялатын тірлік қой, мырзалар. Қайдағы бір "Штрафстанды" жасап жатқан сияқтысыздар", – деді Перуашев.