«Қызым ешкімді жақтырмайтын»: Майра Ілиясова екінші рет тұрмысқа шықпауының себебін түсіндірді
Әнші қызының көңіліне қарап, тұрмысқа шықпай қалғанын айтады
Әнші Майра Ілиясова жеке өмірінен сыр шертіп, алғашқы некесінің сәтсіз аяқталуына не түрткі болғанын айтты. Бұл туралы журналист Әйгерім Сейфоллаға берген сұқбатында әңгімеледі, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Айтуынша, бұрынғы күйеуі оның өнеріне қарсы болған.
"Әдемі болғандықтан жалғыз шығармын. Менің күйеуім спортпен көбірек айналысты. Соңғы уақытта менің гастрольдік сапарым көбейіп кетті. Ол "Осы концерттеріңді қойсаң қайтеді?! Мына бала қалып қояды" деген кезде мен ойлана келе оған "Мен өнеріммен қала берейін" дедім. Мен жай ғана дауысым орташа болса, мүмкін үйде отырар ма едім. Бірақ халыққа танымал болдым. Солай өзіміз ақылдасып шештік. Әрине, ол екі жылдай көнбеді. Бірақ сондай әдемі айырылыстық. Қазір отбасы, ұлы бар. Араласып тұрамыз. Қызым әкесімен керемет қарым-қатынаста, әкесін қатты жақсы көреді", - деді әнші.
Өнер иесі қызының көңіліне қарап, тұрмысқа шықпай қалғанын айтады.
"Менікі үнемі концерт, жұмыс. Іш пысатын уақытым жоқ. Қызым ешкімді жақтырмайтын. Қазір "Менікі дұрыс болмапты" деп айтады. Мен қызымның көңіліне қарадым", - деп ағынан жарылды әнші.