Сарыағашта Дархан Сатыбалды шаруалармен кездесті
Бүгін Сарыағаш ауданына жұмыс сапарымен келген Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аудан әкімі Арман Абдуллаевпен бірге жергілікті шаруалармен кездесіп, бірқатар мәселелер мен олардың шешу жолдары талқыланды.
Оларды жеке-жеке тыңдап, ұсыныс-пікірлерін ескерген облыс әкімі Сарыағаш ауданында өңірдің көкөніс өндірушілерінің көтерме-бөлшек сауда орталығын ашудың маңыздылығын айтты. Онда қажетті құжаттарды рәсімдеуге, өнімге тапсырыс берушілермен байланыс орнатуға, тауарды делдалдарсыз және алыпсатарларсыз арзан бағамен сатуға жағдай жасаудың қажеттілігін атап өтті. Бұл диқандар үшін өте маңызды. Жылыжай иелері мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау үшін ризашылығын білдірді.
Республикада салынған жылыжайлардың 70%-ы Түркістан облысына тиесілі. Жылыжайдың жалпы көлемі 1640 гектардан асады. Өткен жылы 150 мың тонна өнім жиналып, республика халқының көкөніске деген қажеттілігінің 42 пайыздан астамы қамтамасыз етілді.
Инвесторлар соңғы үш жылда субтропикалық банан, лимонды жылыжайларда өсіру технологиясын үйреніп, кеңінен қолдануға көшті.
Жүйелі атқарған жұмыстың нәтижесінде фермерлік жылыжайлардың стандарты әзірленіп, 800-ден астам жылыжай сертификатталды. Жылыжай шаруашылықтарын субсидиялаудың жаңа ережесі бекітіліп, өндірушіден тікелей көмір сатып алу келісілді.
Айта кетсек, шаруалармен кездесу Қабланбек ауылында орналасқан «Жабай ата» шаруа қожалығының жылыжайында өтті. Бұл жылыжайдың өнімдері облысымызбен қатар өзге қалаларға да жіберіледі. Жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылып, қазір таңда болгар бұрышы өсірілуде.