Арыста күнбағыс, мақта және мақсара майын шығаратын облыстағы бірегей зауыт ашылады
Автоматтандырылған, мультимәдениетті май экстрациялық кешені «Мега-Агат» ЖШС элеватор базасында бой көтереді. Жобаның инвестициялық құны – 9,0 миллиард теңге.
Бұл жайында қала әкімі Гүлжан Құрманбекова халықпен кездесуде айтты.
«Бұл жоба жергілікті ауыл шаруашылығы саласының дамуына айтарлықтай үлес қосып, қаланың экономикалық өркендеуіне септігін тигізбек. Зауыт күн сайын 500 тоннадан астам күнбағыс майын шығарады. Жоба аясында жергілікті 150 тұрғын жұмыспен қамтылады.»- деді қала басшысы.
Жаңа кәсіпорын инвестордың өз қаржысына салынады. Зауыт сапалы пісте майын өндіруге бағытталады және заманауи технологияларды пайдалана отырып, өндіріс үдерісінің халықаралық стандарттарға сай болуын қамтамасыз етеді.
Бұл өз кезегінде Арыстың ауылшаруашылық өнімдерін әртараптандыруға және орнықты экономикалық дамуға ұмтылысын көрсетеді.