Шымкентте дәрігерлер жүрегі 10 минут тоқтаған ер адамды тірілтті
Дәрігерлер жылдам әрі орынды әрекет етіп, 40 жастағы азаматтың қайта өмір сүруіне себепкер болды.
40 жастағы ер адам № 2 қалалық ауруханаға гиповолемиялық шок және бүйрек жеткіліксіздігі диагнозымен өте ауыр жағдайда түскен.
"Ер адамның жүрегі 10 минутқа тоқтап, дереу жансақтау бөліміне жатқызылды. Жедел іс-шаралардан кейін дәрігерлер жүрек соғысын қалпына келтіріп, науқасты жасанды тыныс алу аппаратына қосты", - деп жазылған ақпаратта.
Ер адам жағдайы жақсарғанға дейін бес күн нефрологиялық бөлімде болды.
"Дәрігерлердің үйлесімді іс-қимылдарының арқасында науқастың жағдайы жақсарып, қажет емнен кейін үйіне шығарылды", - деді реаниматолог Жасұр Мұхитдинұлы.