Қоғам

«1,5 миллиард теңге»: Назарбаевтардың кеңсесі болған ғимарат аукционға қойылады

Ғимарат осы жылдың тамыз айында аукционға қойылған, бірақ оны сатып алушы табылмады

Алматыда бұрын Болат Назарбаевқа тиесілі болған бірнеше компания тіркелген әкімшілік ғимарат 11 желтоқсанда аукционға қойылады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Kznews.kz сайтына сілтеме жасап.

Қазір бұл ғимарат «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС-на тиесілі.

Айналасы саябақпен, көгілдір шыршалармен және 20 көлікке арналған тұрақпен қоршалған қызғылт сары ғимарат Алматы қаласы Бостандық ауданында Байтұрсынов көшесі 104А мекенжайында орналасқан.

Алдағы аукцион туралы хабарламада, бұл ғимаратты сату бойынша аукцион 11 желтоқсанда мемлекеттік мүлік тізілімінің сайтында өтетіні айтылған.

Бастапқы баға – 1 миллиард 549 миллион 542 мың 736 теңге.

Ғимарат осы жылдың тамыз айында аукционға қойылған, бірақ оны сатып алушы табылмады.

Одан кейін Bes.media ондағы үй-жайды жалға алу шаршы метрі 16 мың 500 теңге тұратынын жазды.

CMN осы жылдың сәуір айында ғимараттың Назарбаевтар отбасына қатысты екенін жазған.

Басылымның мәліметінше, Байтұрсынов 104А мекенжайындағы үй-жайда бұрын Болат Назарбаев пен оның ұлы Нұрбол Назарбаевтың компаниялары – «BN InvestCapital» ЖШС және «Үш Қоңыр Инвест Корпорациясы» ЖШС кеңселері болған.

Сонымен қатар, Infostats.co мердігерді тексеру сайтының мәліметі бойынша, Муз-ТВ Қазақстан компаниясы (қазір таратылған) Болат Назарбаевтың тағы бір ұлы Данияр Назарбаевқа тиесілі.