«Қатты ұрған дейді»: Мақпал Жүнісова марқұм Заманбаек Нұрқаділовтің өлімі туралы айтты
Адамның артында сол қинап өлтірді, атып өлтірді, ұрып өлтірді деген нәрсе бар
ҚР халық әртісі, әнші Мақпал Жүнісова марқұм саясаткер Заманбек Нұрқаділовтің өлімі туралы айтып, оның өзін-өзі атты дегенді алып тастау керек дейді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы журналист Дина Төлепбергенге сұхбат берді.
«Өзін-өзі атты деген пунктті алып тастау керек. Содан кейін ескерткіш немесе мұражай ашса дұрыс болады. Өзін-өзі атты деген нәрсе әлі тұр ғой. Соған қарамастан барып ескерткіш ашамыз дейді. Тіріліп келе ме ол кісі? Адамның артында сол қинап өлтірді, атып өлтірді, ұрып өлтірді деген нәрсе бар. Қатты ұрған дейді. Оны маған сол кезде жуындырған адамдар айтты. Белінде үш жерде сынығы бар екен. Сонда кәдімгідей тепкен болып тұр ғой. Осының барлығының ашылмағанына жүрек ауырады", – дейді Мақпал Жүнісова.
Сонымен қатар өнер иесі Заманбек Нұрқаділовтің үйін сатылымға шығармайтынын да айта кетті.
“Сатпайтын болдым. Бірақ жақында Зәкеңе мұражай ашылады деп естідім. Сол жаққа бүкіл дүниесін өткізіп беремін. Осы күнге дейін кітаптары мен заттарын беріп жібердім. Қалғанын кейін беремін. Басқа амалым жоқ. Ескі үй болғасын жылуы аздау болып тұр. Биыл күрделі жөндеуден өткіздім. Құбырлары жарылып, азып-тозып кетті. Кезінде Зәкең Мерейді осы үйден ұзатамын деп салған болатын. Оны туысқандардың бәрі біледі. Бірақ ол күнге жете алмады”, – деді әнші.