Басты жаңалықтар

"Талдың жиегіне отырып, өліп қалған": Қаржаубай Нұрымов інісінің өзіне қол салғанына күмән келтіретінін айтты (ВИДЕО)

Алдымен ұлынан, енді інісінен айырылған ол Нұрғанаттың қазасының шындығына көз жеткізгісі келетінін айтты

Қаржаубай Нұрымов інісінің өз өмірін қиғанына күмән келтіреді. Ол өлетін адам үйіміздің жанындағы сайда өзіне қол салатын еді деп есептейді. "Азаттық" тілшісіне Шерзат Болаттың әкесі інісінің мәйітін қайдан, қандай жағдайда тапқанын көрсетіп берді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Қаржаубай Нұрымовтың айтуынша, осыдан кейін олар бес адам болып туысын іздеуге шыққан. Алдымен Талғардағы зират аумағы алдынан Нұрғанат мініп кеткен автокөлікті тапқан. "Есігі ашық болды, ішінде ұялы телефоны жатты" деді Қаржаубай Нұрымов. Оның сөзіне қарағанда, зират алдында жар бар, інісі сол жерден төмен түскенін қар үстіне түскен ізден анықтаған.

"Біз түнде келгенде қар жауып тұрған, жардан түсіп, 500-700 метр жерде жол бойындағы қуысқа барып, талдың жиегіне отырып, өліп қалған. Мойнында сым тұрған. Құзырлы органдарға кеше бәрін түсіндірдім. Екі сағаттан артық жан-жақты іздедік. Мына жардың биіктігі – 7-8 метр, осыдан сырғып түскен. Бауырымның өлемін деген ниеті болған емес. Қандай шындықты айтып жатсақ да, бізді қаралап жатқан адамдар бар. Сол үшін артық ештеңе айтқым келмейді", – деді Қаржаубай Нұрымов.

Алдымен ұлынан, енді інісінен айырылған ол Нұрғанаттың қазасының шындығына көз жеткізгісі келетінін айтты.

"Сараптама "өзіне қол жұмсады" дейді. Оны қосымша талдауға зерттеуге жіберемін. Қандай жағдай болса да біз ешкімді өлтірген жоқпыз", – деді Қаржаубай Нұрымов.

Талғардағы зиратқа осыдан екі ай бұрын жерленген Шерзат Полаттың бейітінің қасынан тағы бір жас қабір пайда болды.