«Сол күні көңіл күйі болмаған»: Салтанат Нүкенованың ағасы Нұрқанаттың өліміне қатысты тың дерек айтты
Ол Шерзаттың өлімін жүрегіне жақын қабылдап, қатты қайғырған
Экс-күйеуінің қолынан қаза тапқан марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді Шерзат Болаттың ағасының өліміне қатысты пікір білдірді. Ол желідегі парақшасында тікелей эфир жүргізіп, оның суицид жасағанына сенбейтінін жеткізді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Айтуынша, Нұрқанаттың алдағы өміріне деген жоспарлары көп болған. Ол Кореяға жұмыс істеуге баратынын да айтып, дайындалып жүрген екен.
«Нұрқанаттың қазасын естігенде маған суицид жасауы мүмкін емес деген ой келді. Өйткені біз онымен араласып, сөйлесіп те көрдік. Ол көңілді, өмір сүруге құштар жан еді. Қайғылы оқиғадан кейін басқа қырынан ашылып келе жатқан. Етпен айналыса бастады. Оның өмір сүруге деген жоспарлар бар болатын. Кореяға жұмыс істеуге баратынын айтып, дайындалып жүрген. Нұрқанаттың артында азаматтық некедегі әйелі қалды. Ортада балалары жоқ. Жоспарлап жүрген, алайда оған үлгермеді. Ол Шерзаттың өлімін жүрегіне жақын қабылдап, қатты қайғырған. Кез келген адам жақынын жоғалтқанда небір ойлар келеді. Соның бірі өмір сүргің келмейді. Оның да сондай ойы болғанын психологқа айтқан. Бірақ мұндай қадамға баруға болмайтынын және ары қарай әділдікке жету үшін күресу керектігін білген», - дейді ол.
Қазіргі кезде Нұрқанаттың өліміне қатысты тексеру жұмыстары жүргізілуде. Барлық материалдар сот-медициналық сараптамаға жіберілген.
«Оның жағдайы бірқалыпты болған. Кешкісін туған күнінде отбасы болып тамақ ішіп, әңгіме айтқан. Одан кейін бөлмесіне кіріп кеткен. Телефонмен сөйлескен. Көңіл күйі болмаған. Бірақ ешкімге көрсеткісі келмеген ол ештеңе айтпастан үйден шығып кеткен. Хат жаза бастағанда-ақ отбасы бірнәрсе болғанын бірден сезген. Қазіргі кезде қылмыстық іс қозғалды. Әлеуметтік желіде Нұрғанаттың хейтері көп еді. Тұлға ретінде оған небір жаман сөздер жазылды. Оны мұндай халге хейтерлер де алып келді», - дейді Айтбек Амангелді.