«Үйден жалаңаяқ шығып кеттім»: айыппұл арқалаған Қаржаубай Нұрымовтың қарындасы сот шешімімен келіспейтінін айтты
Айтуынша, митинг өткізу туралы сөз немесе жоспар да болмаған
Марқұм Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовтың қарындасы Салтанат Нұрымоваға тілшілерге сұхбат беріп, соттың шешімімен келіспейтінін жеткізді. Қаржаубай Нұрымов 15 тәулікке қамауға алынып, оған 20 АЕК (73 840 теңге) айыппұл салынған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Қаржаубай Нұрымовтың қарындасы ол жерге ағасын тыныштандыру үшін барғанын айтады.
«Қайтыс болған бауырымызға құран оқытып келіп үйде отырғанбыз. Далада бірдеңе болып жатыр деп айтты. Ағамның жағдайын көру үшін үйден жалаңаяқ шығып кеттім. Екі бауырымның қаза болғанын білесіздер. Ағама алаңдаған бойы жүгірдім. Не болып жатқанын көргім келді. Ағам «ГАЗель» үстінде тұр екен, қолында пышақ бар. Мен де шығып, ағамды тыныштандырғым келді. Өзіне зиян тигізіп алмасын деп көмектесіп, жанында тұрдым. Кейін арнайы жасақ келіп, бәрімізді алып кетті. Есік қаласына бардық, сол жақта онлайн сот өтті», - дейді Салтанат Нұрымова.
Айтуынша, митинг өткіземіз деген ешқандай сөз немесе жоспар болмаған.
«Сосын мені босатты. Бірақ шу не үшін туындап кеткенін әлі түсінбедім. Біз 10 желтоқсанда ешқандай митинг өткіземіз деп жоспарламадық. Бәрі тосыннан болды. Барлығы қалай болғанын ағамыз бостандыққа шыққанда білеміз. Мен ағам үшін бардым. Сот шешімімен келіспеймін. . Онсыз да екі бауырымнан айырылып отырмыз», - дейді ол.