Басты жаңалықтар

"Ұрық безімді алып тастаса, өзімді сау адам есептемеймін": депутат Анас Баққожаев жануарларды кастрациялауға қарсы шықты

Депутаттың айтуынша, еркек 50-60 жасқа таяғанда гормондардың белсенділігі төмендей түседі

"Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заң жобасына арналған жұмыс тобының отырысында мәжіліс депутаты Анас Баққожаев қаңғыбас жануарларды стерилациялау мен кастрациялауға қарсылығын білдірді. Мұны өзінің дене мүшесін алып тастаумен салыстырған депутат күлкіге қалды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Депутат Анас Баққожаев жануарды кастрациялау адамгершілікке жатпайтынын және бұл оның өмір ұзақтығына еш әсер етпейтінін атап өтті.

“Біз сау жануарға ота жасап, бірнәрсесін алып тастасақ, ол мүгедек болып қалады. Бұл адамгершілікке жатпайды. Бұл біріншіден. Екіншіден, еркектер неге қартаяды? Өйткені уақыт өте, жасымыз 50-60-қа таяғанда біздің гормонды белсенділігіміз төмендейді. Сондықтан қартаямыз. Бұл жерде өмірді ұзарту туралы сөз де болмауы керек. Ұрықсыздандыру жануардың, әсіресе еркек жануардың өмір ұзақтығына ешқандай әсер етпейді. Егер менің аталық ұрық безімді кесіп алып тастаса, Құдай сақтасын, ыңғайсыз әрине, бірақ айтуға тура келіп тұр, мен өзімді сау адам деп есептемеймін. Мен – мүгедекпін. Мұны адамгершілік деп есептеу дұрыс емес. Сондықтан меніңше, белгілі бір агрессияны басу үшін кастрацияны қарастыруға болады. Бірақ бұл кешенді шешім емес. Өйткені тамаққа байланысты агрессия болуы мүмкін. Яғни, ит аш. Агрессияның басқа да түрлері бар. Сол себепті мұндай мәселеде мамандармен кеңесу керек”, – деді депутат.