"Қымбат көліктер мен пәтерлер": Перизат Қайраттың дүние-мүлкі тәркіленді
Перизат Қайратты тергеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр.
Қаржылық мониторинг агенттігі өкілдері қайырымдылық қордың тең құрылтайшысы және басшысы Перизат Қайраттың жылжымайтын мүлкі бұғатталып, қымбат заттары тәркіленгенін мәлімдеді. Бұл туралы KYN.KZ ҚМА-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Ведомствоның Telegram-дағы ресми арнасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, ҚМА өкілдері қоғамдық қайырымдылық қорының тең құрылтайшысы және басшысы Перизат Қайратқа қатысты тергеуді жалғастырып жатыр.
Еске сала кетейік, ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету үшін, сондай-ақ Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету мақсатында жиналған 1,7 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деп күдікке ілінген.
"Соттың санкциясымен қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған Астана қаласындағы Akbulak Riviera, Highvill Ishim Gold, "Көк Жайлау" (тұрақ орындарын қоса алғанда), Sensata Plaza ТК, сондай-ақ Vela Village коттедж қалашығындағы элиталық жылжымайтын мүлік, Mercedes-Benz S450, Mercedes-Benz EQE 500, Lexus LX-600, Haval автомобильдері бұғатталды.
Перизат Қайраттың тұрғылықты жерін тінту барысында қайырымдылыққа жиналған қаражатқа сатып алынған қымбат техника, Cartier, Graff, Rolex, Bulgari, Gucci, Louis Vuitton, Versace, Chopard, Hermes, Dolce & Gabbana, Prada және т. б. сияқты танымал әлемдік брендтердің киім, аяқ киім, зергерлік бұйымдар, сөмкелері табылып, тәркіленді", - делінген хабарламада.
Тәркіленген мүлік заттай дәлелдемелер ретінде танылып, іс материалдарына қосылған. Тәркіленген заттарға қатысты шешімді сот шығарады. Қазір тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы тәртібіндегі өзге де ақпарат жария етуге жатпайды.
"Егер Перизат Қайраттың қаражаттың, жылжымайтын мүліктің және басқа да мүліктің (оның ішінде үшінші тұлғаларға ресімделген) орналасқан жері туралы ақпаратты білсеңіз, Қаржылық мониторинг агенттігіне немесе +7 (7172) 70-84-78, 70-84-79 (қосымша нөмірі: 21384) телефон нөмірі бойынша хабарласуыңызды сұраймыз", - деп хабарлады агенттік өкілдері.
Естеріңізге сала кетейік, 14 қарашада қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайрат көктемгі су тасқыны кезінде халықтан жиналған 1,5 млрд теңгені жымқырды деген күдікпен ұсталғаны мәлім болды. Қаржылық мониторинг агенттігі өкілдерінің мәлімдеуінше, Перизат Қайрат қорға түскен ақшаның негізгі бөлігін жылжымайтын мүлік пен бағалы заттар сатып алуға жұмсаған.
Кейін қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Әлібек Әбділов Biz Birgemiz қорының басшысы Перизат Қайрат ісіне қатысты сауалдарға жауап берді. Сонымен қатар Перизат Қайрат пара үстел теннисі федерациясының басшысы қызметінен босатылғаны белгілі болды. AMANAT партиясының өкілдері де Перизат Қайраттың ұсталуына қатысты пікір білдіріп, партияның оның қызметіне ешқандай қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Бүгін, 16 қарашада ҚМА өкілдері Перизат Қайрат Палестина тұрғындарына жиналған қаржыдан 200 млн теңгеден аса қаражатты жымқырды деп тағы бір күдікке ілінгенін хабарлады. Кейін Астана соты бұлтартпау шарасымен Перизат Қайрат екі ай мерзімге қамауға алынғанын мәлім етті.