Қызылордада 16 жастағы қызды жезөкшелікке мәжбүрлеген: күдіктіге сот үкімі шықты
Мемлекеттік айыптаушы сотталушыны кінәлі деп танып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруды сұрады
Қызылорда облысында 16 жастағы қызды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген күдіктіге сот үкімі шықты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Сотталушы, қыздың кәмелетке толмағанын білсе де оны бопсалау арқылы бірнеше рет жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген.
Сондай-ақ, бірнеше рет бірақатар адамның сеніміне қиянат жасаған. Олардың жер телімдерін бір мезгілде бірнеше тұлғаға сатып жіберген. Бұдан басқа облыстың жергілікті атқарушы органдарына жұмысқа орналастыруға байланысты алаяқтық әрекеттер жасаған.
Сотта прокурор сотталушыны кінәлі деп танып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Ал қорғаушы тарап сотталушыны 134 ҚК 3-бөлігінің 2) тармағы бойынша ақтауды, ал алаяқтық фактісі бойынша бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұрады.
Сотталушының кінәсі психологиялық-психиатриялық сараптаманың қорытындысымен, жәбірленушілер мен куәлардың айғақтарымен, оқиға болған жерді қарау және беттестіру хаттамаларымен дәлелденді.
Сот жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде жас балаларының болуын, соттылығының болмауын жатқызды; қылмыстық жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
- ҚК-нің 55-бабының 2-бөлігінің 2) тармағына сай, жазаны жеңілдететін мән-жайлар болған және ауырлататын мән-жайлар болмаған кезде, жаза мерзімі ҚК-тің тиісті бабында көзделген ең жоғары мерзімнің 2/3 асыруға болмайды.
Сот үкімімен сотталушы ҚК-нің 134-бабының 3-бөлігінің 2) тармағында және ҚК-нің 190-бабының 3-бөлігінің 4) тармағында көзделген қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылып, қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, - делінген ақпаратта.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Қазір облыс соттарының өндірісінде осы жоғарыда аталған кәмелетке толмаған адам жәбірленуші ретінде танылған ҚК-тің 309-бабының 2-тармағы (жеңгетайлық) бойынша 2 іс, ҚК-тің 299- бабының 3-тармағы (есірткі, психотроптық заттарды тұтынуға көндіру) бойынша 1 іс бар.