“Өз көзіммен көрдім”: марқұм Шерзаттың анасы жолдасы Қаржаубай Нұрымовтың жағдайын айтты
Үйден ыстық тамақ, жылы киім алып келдім
Талғарда аяусыз өлтірілген Шерзаттың анасы Гүлбара Бишімбиева қамауда отырған күйеуі Қаржаубай Нұрымовтың жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Сөзіне қарағанда 15 тәулікке қамалған Қаржаубай Нұрымовтың қазір жағдайы жақсы.
“Бүгін мен адвокаттармен Қонаевқа Қаржаубайды көруге келдім. Заңды түрде бізге кездесуге рұқсат берді. Адвокатпен ішке кіріп, Қаржаубайды өз көзіммен көрдім. Жағдайы жақсы, денесінде жарақат жоқ. Үйден ыстық тамақ, жылы киім алып келдім. Менің көзімше киімдерін ауыстырып, жағдайының жақсы екенін айтты. Алаңдағандықтан, көруге рұқсат сұраған едік. Өз көзіммен көрдім, Қаржаубайда барлығы жақсы”, – дейді Гүлбара Бишімбаева.
Айта кетсек осыған дейін Талғарда төбелес кезінде 16 жастағы Шерзат Болат көз жұмған болатын. Көп ұзамай жасөспірімнің үйін белгісіз біреулер өртеп кетті. 9 желтоқсан күні Шерзаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаев інісінің қабірінің жанынан өлі табылды. Денесі жер қойнына тапсырылған күні 10 желтоқсанда Шерзаттың әкесі журналисттердің келуін талап етті. Ол қолына пышақ ұстап өзіне қол жұмсайтынын айтқаны үшін ұсталған болатын.