“Өлсем, бәрі жеңілдейтін сияқты”: белгілі бьюти-блогер көпқабатты үйдің терезесінен секіріп кетті
Блогер құрбыларына күйеуі мен енесінен көрген қорлығы жайында айтқан
Өзбекстанның Самарқанд қаласында 23 жастағы бьюти-блогер және косметолог Гузаля Махматқұлова көпқабатты үйдің терезесінен секіріп кетті. Бұл ақпаратты Өзбекстан Бас прокуратурасының баспасөз хатшысы Хаёт Шамсутдинов растады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл оқиға 12 желтоқсан күні болғанын Nemolchi.uz жазды.
«Қайғылы оқиға 12 желтоқсанға қараған түні болған. Қазіргі уақытта Самарқанд қалалық прокуратурасы істің мән-жайын анықтау үшін тексеріс жүргізіп жатыр. Оқиға орнында жедел тергеу тобы жұмыс істеп, куәгерлерден жауап алды. Қайтыс болу себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды», — деп жазылған хабарламада.
Nemolchi.uz марқұм блогердің құрбыларына жазған хаттарын жариялады. Ол жерде Гузаля күйеуі мен енесінің қорлығы туралы айтқан. Оның ішінде “Өлсем, бәрі жеңілдейтін сияқты” деп жазған. Ұйымның хабарлауынша, Гузаля отбасылық зорлық-зомбылық құрбаны болуы мүмкін. Соның салдарынан өзіне қол жұмсаған.
Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды.
Қазіргі уақытта Самарқанд прокуратурасы марқұмның өз-өзіне қол жұмсауына себеп болған жағдайларды зерттеп жатыр. Бұл оқиға қоғамдағы отбасылық зорлық-зомбылық мәселесін қайта көтеріп, құқық қорғау органдары мен азаматтық қоғамның назарын аудартты.