Мәдениет

«Бәрі де қалай басталып еді?!»: Жұлдыз Әбдікәрімова Шерзат Полаттың өліміне қатысты ойын жеткізді

Елдегі әділдік сол отта бірге жанып, Шерзатпен бірге өліп, көмілді ме дедім?!

Белгілі актриса Жұлдыз Әбдікәрімова Талғарда кісі қолынан қаза тапқан Шерзат Полаттың өліміне қатысты пікір білдірдіғ, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Айтуынша, халық Шерзат Полаттың өліміне қатысты шындықты күтіп жүргеніне үш ай болды.

“ Ел Шерзат деп шырылдап, шындық сұрағалы үш ай болды. Бәрі де қалай басталып еді? Қазан айының 4-і күні Талғардан суық хабар тарады. 16 жастағы Шерзат бар болғаны әкесіне араша түспек болып еді.

Өздеріне заң жүрмейтін залымдар жас жігітті аяусыз, азаппен пышақтап өлтірді. Әділет іздеп шырылдаған Шерзаттың әкесі кейіннен барлық бейнатаспалардағы жазбалардың жоғалтып кеткенін ашына хабарлаған еді.
Жоғарыдан бұл “жасөспірімдердің қантөгіс фильмдерге еліктеуі нәтижесінде болған жағдай”-деп пікір білдіруі немқұрайлықтың шыңы болды.

Араға бір апта салып, Азат ауылындағы Шерзаттың үйі өртеніп кетті. Елдегі әділдік сол отта бірге жанып, Шерзатпен бірге өліп, көмілді ме дедім?! Ол аз болғандай өткен апта Шерзаттың туыс ағасының қазасын естідік. Өзін өзі өлтірді (суицид) дегенге не дейміз?”, – деп жазды актриса. 

Ол үш жылдан бері өзінің де әділдікке қол жеткізе алмай келе жатқанын айтты.

«Талғардың әкімі Бақыт Күрішбеков пен оның орынбасары Сағындықтың, өңір прокуроры Ескендір Бекмановтың, оның орынбасары Саян Бәкіровтың қызметінен босатылуы тым кеш әрекет.

Өзім де құқық қорғау өкілдерінен әділдік іздеп, шырылдап жүргеніме біраз болды. Полиция департаментінен бастап, аудандық, қалалық соттардың табалдырығын тоздырып келемІн.

Алаяққа алданғаныма 3 жыл болса да, үн қатпай, жария жасамай келгенімде бір себеп болса - ол құзырлы органдарға деген сенім еді. Алай да, бір түсінгенім шындық пен сұмдық айдан анық болып тұрса да, дәлелің қап-қап болса да, әділ шешім оңай шыға қоймайды екен», - дейді актриса.