Ардақ Назаров Түркістанда арақ ішуге, сатуға тыйым салуды ұсынды
Депутат Ардақ Назаров тың бастама көтерді
Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров Түркістанда арақ ішуге, сатуға тыйым салуды ұсынды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Мәжілісте отырысында депутат Ардақ Назаров тың бастама көтерді.
«Бір-екі жыл бұрын Түркістанда болғанбыз. Түркістан – рухани астанамыз. Осы заң аясында біз Түркістанда арақ ішуге, сатуға, арақ ішіп, ләйліп, көшеде жүруге заңның аясында тыйым салсақ... Өйткені Түркістаннан бүкіл қазақ рух алу керек. Біздің бабаларымыз, батыр, билеріміз жатыр. Ертең шетелден көп қонақтар келеді. Сол кезде біздің азаматтар арақ ішіп, алдынан шығатын болса, ұят. Түркістанда араққа тыйым салуға бола ма?» – деді ол.
Бұл бастамаға жауап берген Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев өңірде шынында да “Ішімдіксіз ауыл” деген жоба жарияланғанын айтты.
«Дегенмен, Түркістан қаласының рухани мәдени бағытымен қатар, туристік бағыттағы қала ретінде де таңдалып, бекітіліп отыр. Соған сәйкес, бизнес қауымдастық өкілдері тарапынан ол мәселеге әртүрлі көзқарас бар. Аталған мәселе орынды. Алдағы уақытта заң жобасы қабылданып жатқаннан кейін бұл мәселені тиісті заң нормалары аясында қарастыруы қажет деп санаймыз», – дейді ол.
Мәжіліске «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасын премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров таныстырды. Заң жобасы мемлекет басшысының қалаға рухани және тарихи орталық ретінде ерекше мәртебе беру тапсырмасына сәйкес әзірленген.