Қоғам

«Айыптыларды жазалау қажет»: журналист Дархан Әбдік желтоқсан оқиғасы туралы айтты

Халықты ұрып-соғу туралы шешімді кім қабылдады?

Белгілі журналист Дархан Әбдік 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі туралы сөз қозғап, оқиғаға куә болғанын айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Dope soz подкастына берген сұхбатында әңгімеледі.

«1986 жылы Желтоқсан көтерілісі кезінде алаңда болдым. Орталық стадионда күреспен айналысатынмын. Жаттығудан соң үйге бара жатқанымда троллейбустар тоқтады. Адамдарды өткізбей жатты. Адамдарды түсірді. Таңертең сабақта болғанда бұл оқиға туралы естігенмін. Қасымда күреспен айналысатын екі жігіт болды. Алаңда жүрдік. Бірақ құдай сақтап қырғын басталатын уақытқа дейін ертерек кетіп қалдық. Қасымдағы ересек жігіттер. Мен мектепте оқимын. Жанымдағы жігіттер, алаңдағылар бір сұмдықтың болатынын сезді. «Дархан, қазір жағдай қиындап кетуі мүмкін, сен қайт» деді. Сөйтіп үйге кетіп қалдым. Мен болған кезде алаңдағыларға тиіскен жоқ. Бірақ Фурманов көшесі жағынан әскерилер халықты қоршап жатты, - дейді журналист.

Журналист сол уақытта халықты ұрып-соғу туралы шешімді кімнің қабылдағанын түгендеу қажет екенін айтады.

«Мұндағы мәселе қылмысты ашу керек. Ол жерде кімнің болған-болмағаны маңызды емес. Хронологияны қалыпқа келтіру керек. Халықты ұрып-соғу туралы шешімді кім қабылдады? Соны түгендеу қажет. Айыптыларды жазалау қажет. Осындай және Қаңтар оқиғасы секілді қылмыстардың мерзімі ешқашан өтпеуі қажет. Ал бұлардың ашылмау себебі – қылмысқа қатысы бар адамдардың қолдарында билік бар деген сөз. Желтоқсанда халық өз пікірлерін білдіре алатынын түсінді. Сол кезде биліктің зәресі кетті», – деді Дархан Әбдік.