Қоғам

Салтанат Нүкенованың анасы ешкім білмейтін сырымен бөлісті

Сол жылдың 16-17 желтоқсанында қайғылы оқиға орын алды

Марқұм Салтанат Нүкенованың анасы ешкім білмейтін сырымен бөлісті, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Тележүргізуші Дана Нұржігітке берген сұхбатында күйеуі 1986 жылы желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін үш жылға соттала жаздағанын айтты.  

«Күйеуім Амангелді екеуміз Целиноград ауыл шаруашылық институтына бірге оқуға түскенбіз. Жыл соңында үйленеміз деп шештік. Желтоқсан айында Павлодарға билет алып, ата-аналарымды таныстырамыз дедік. Сол жылдың 16-17 желтоқсанында қайғылы оқиға орын алды. Сол кезде бірақ білдім. Амангелді желтоқсан оқиғасын ұйымдастырушылар қатарынан екен. Целиноградта жүріп түрлі плакаттар дайындап, басшы неге қазақ емес деп өз позицияларын білдіріп жатты. Желтоқсанның жиырмасы күні қасындағы жігіттері оның ұсталғаны жайлы қағазды әкеліп береді. Сот болатынын да кейін хабарлады. Сот кезінде үш жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарылды. Бірақ та оларды Астанада біраз кідіртті. Сол кезде оның анасы және ағалары жоғары сотта барып, тіпті Колбинге барып өтініштерін білдірді. Ағасы өте сауатты кісі болған. Түрлі хаттар жазылып, соның арқасында жазасын жеңілдетуге күш жұмсалды», - деді Салтанат Нүкенованың анасы Жұмагүл ханым.