Ақтөбеде ҚР Мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл толуына арналған шара өтті
Ақтөбеде Мәслихаттардың 30 жылдығы атап өтілуде.
Осыған орай «Amanat» партиясы облыстық филиалының ғимаратында өңір басшысы Асхат Шахаров пен облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаеваның қатысуымен салтанатты жиын өтті. Шараға барлық сегіз шақырылымның депутаттары шақырылды.
Облыс әкімі депутаттық корпусты атаулы күнмен құттықтап, мәслихаттардың мемлекеттік басқару жүйесіндегі рөлін атап өтіп, олардың өңірді дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған шешімдер қабылдаудағы маңыздылығына тоқталды. Асхат Шахаров түрлі шақырылымдағы депутаттарға азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жобалар мен бастамаларды іске асыруға қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.
«Ақтөбе облысының мәслихаттары 30 жыл бойы халықтың сенімін ақтай отырып, елдің бірлігі мен тұрақтылығы үшін еңбек етті. Сіздер – халық пен билік арасындағы алтын көпірсіздер. Әлеуметтік-экономикалық даму процестерін қалыптастыру сіздердің жұмыстарыңызға тікелей байланысты. Депутаттар әрқашан бюджетті қалыптастырудан бастап, инфрақұрылымды жақсартуға және әлеуметтің әлеуетін көтеруге дейінгі маңызды мәселелерге назар аударады. Сіздер өз міндеттеріңізді абыроймен атқара беретіндеріңізге сенімдімін», - деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ, әкім бесінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың депутаты ретінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына байланысты өзекті мәселелерді қалай шешкені туралы естеліктерімен бөлісті. Ол әріптестерімен бірге инфрақұрылымды жақсарту, білім беру сапасын арттыру, денсаулық сақтау және ауылдық жерлерді қолдау бойынша қалай жұмыс істегенін айтты.
Өз кезегінде Гүлқасима Сүйінтаева облыс әкіміне депутаттармен тиімді қарым-қатынас орнатқаны үшін алғысын білдірді. Төраға мәслихаттың жемісті қызметін, депутаттардың сіңірген еңбегінің маңыздылығын атап өтіп, оларға өңірдің дамуына және халықтың әл-ауқатына қосқан үлесі үшін ризашылығын жеткізді.
«30 жыл ішінде облыстық мәслихатта 8 шақырылым ауыстырылды, осы кезеңде 260 адам депутат болып сайланды. Мәслихат – бұл азаматтардың мүдделері мен билік тетіктері ұштасатын алаң. Біз әртүрлі партиялар мен кәсіптерден болғанымызбен, біздің ортақ мақсатымыз - халықтың әл-ауқатын арттыру және елімізді дамыту.
Бүгінгі сегізінші шақырылым жаңа форматта жұмыс істеуде: сайлау алғаш рет пропорционалды-мажоритарлық жүйе бойынша өтті, бұл қоғамды демократияландырудағы маңызды қадам болды. Депутаттық корпус тәжірибе мен жаңа идеяларды үйлестіре отырып, 70%-ға жаңарды. Мәслихатта 34 депутат бар: 17-сі партиялық тізімдер бойынша, қалғандары бір мандатты округтер бойынша сайланды.
Мәслихаттар депутаттарының II республикалық форумында ел Президенті мәслихаттардың өкілеттіктерін нығайтудың, бюджеттік жоспарлауға белсенді қатысудың және қоғаммен тікелей диалог жүргізудің маңыздылығын атап өтті. Біз бұл бағытта жұмысты жалғастырамыз», - деді Гүлқасима Сүйінтаева.
Салтанатты жиын барысында түрлі шақырылымдардың депутаттары мәслихаттағы өз жұмыстарын еске алып, сөз сөйледі. Олардың арасында облыстық мәслихаттың бірінші хатшысы Балихан Жоламанов, Парламент Сенатының бұрынғы депутаты Мұхтар Жұмағазиев, бірінші сайланған Парламент Мәжілісінің депутаты Төлеген Қуанышев және басқалар бар. Олар өз қызметінің маңызды сәттері туралы айтып, тұрғындармен өзара іс-қимылдың және өңірдің өзекті мәселелерін шешудің маңыздылығына тоқталды. Депутаттар халыққа қызмет ету әрқашан олардың жұмысының басты міндеті болғанын және болып қала беретінін алға тартты.
Ресми шара соңы марапаттау рәсіміне ұласты. Бірқатар халық қалаулысы Ақтөбе облысы әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісіне ие болды.