Басты жаңалықтар

“Табанынан анализ аламыз деген”: Қызылордада дәрігерлер жаңа туған сәбидің аяғын спиртпен күйдіріп тастаған (ФОТО)

Қызылорда облысының перинаталды орталығы болса қазір осы іске қатысты ішкі тексеру жүріп жатқанын хабарлады

Қызылорда облысының перинаталды орталығындағы дәрігерлер мен медбикелер осыдан 10 күн бұрын туған сәбидің аяғын спиртпен күйдіріп алған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.

Оқыс оқиға туралы баланың әжесі Әйгерім Әбілтаева баяндап берді. Оның айтуынша, келіні босанар алдында ауырып, қан қысымы көбейіп кеткен. Сондықтан, аудан дәрігерлері оны бірден облыс орталығы – Қызылорда қаласына жіберген.

«Келінім облыстық «Ана мен бала» орталығында кесір тілігі арқылы босанды. Облыстың дәрігерлері жақсы қарайды ғой деп көңіліміз жайланған еді. Бірақ, келінімді көрген жоқпыз, баланың жағдайы ауыр болған соң ол ваккумда жатқанын білдік. Артынша келінім телефон шалып, «баланың аяғын күйдіріп тастапты» деген жаман хабар айтты. Бірден облыс орталығына келіп, мән-жайды түсіндірдік. Қабылдау бөлімі жұмыс уақыты бітті деп әуел баста кіргізген жоқ. Бірақ, мақсатымыз баланы көзімізбен көру екенін, ақпарат құралдарын шақыратынымызды айтқан соң, бір адам ғана кіресіздер деді. Бір айта кетерлігі, дәрігерлер осы уақытқа дейін келініме баласын көрсетпеген, тіпті жөргегін ауыстыруға рұқсат бермеген. Сөйтсем, баланың аяғы мына суреттегідей күйіп қалған екен», - дейді Айгерім Ағылтаева.

Баланың әжесі онсыз да әлсіз жатқан немересінің аяғын көріп, қатты шошынған.

«Жарық дүние есігін аша сала балаға осындай қиянат жасағандары қалай? Мен анасы мен баласының өмірін оларға тапсырдым ғой. Өкпесі жасанды аппаратпен демалып жатыр. Баланың табанынан анализ аламыз деп спритпен күйдіріп алыпты», - дейді ашынған әжесі.

Қызылорда облысының перинаталды орталығы болса қазір осы іске қатысты ішкі тексеру жүріп жатқанын хабарлады.

«Орын алған оқыс оқиға бойынша қазір ішкі талдау жүріп жатыр. Жауапты қызметкерлерден жасаған қызметтері туралы түсініктеме алып жатырмыз. Нәрестені күту кезінде қате жіберген адамға шара қолданамыз», - деп хабарлады облыстық перинаталдық орталығының әкімшілігі