Бір ғасыр бойы аударылмаған кітап. Алматыда Мұхаметжан Тынышбайұлының «Қазақ халқының тарихы» кітабының тұсаукесері өтті
- автор kyn.kz
- Бүгін, 00:29
- 1
Бұл кітап былтыр AmalBooks баспасынан түпнұсқада, яғни орыс тілінде жарық көрген. Бір ғасыр бойы қазақ тіліне аударылмаған кітапты енді өз тілімізде оқи аламыз.
Тұсаукесерге Мұхаметжан Тынышбайұлының жиен немересі, «М.Тынышбайұлы атындағы қордың» төрайымы Нұршакен Жүнісова, сондай-ақ тарихшылар мен ғалымдар, түрлі БАҚ өкілдері қатысты
Кітапты қазақ тіліне аударған AmalBooks баспасының негізін қалаушы Бақытжан Бұқарбай: «Мұхаметжан Тынышбайұлының еңбегін қазақ тіліне аударып шығару еліміз үшін өте маңызды оқиға. Мұхаметжан Тынышбайұлы – жүз жыл бұрын, патша үкіметі кезінде еліміздің тарихының маңызын дәлелдеп тұтас ғылыми еңбек жазып кеткен тарихшы ғалым. Алғашқы теміржол инженері, сол кездегі думаның алғашқы депутаты. Осы кітапты қазақ тіліне аударуға AmalBooks бастамашыл болып, оны ары қарай жүзеге асыруға көмектескен кәсіпкер Рамиль мырза мен өзге мамандарға да алғысым шексіз!» дейді.
ітаптың қазақша шығуына қолдау көрсеткен кәсіпкер Рамиль Мухоряповтың пікірінше, бұл кітаптың қазақ тіліне аударылуы еліміз бен өзімізді тануға көп көмектеседі. «Мұхаметжан Тынышбайұлы өз дәуірінің елеулі тұлғасы, инженерия, тарих саласын зерттеген жан-жақты ғалым. «Қазақ халқының тарихы» кітабы әрқайсымыз қастерлей оқитын еңбек. Осындай кітаптар арқылы өзімізді тани түсеміз. Әр үйдің төрінде тұратын киелі кітаптардан кейін ел мен жер, халықтың тарихын баяндайтын осындай еңбектер болуы тиіс деп ойлаймын» дейді Рамиль мырза.
Мұхаметжан Тынышбайұлы (1879-1937) қазақтың көрнекті зиялысы, Түркістан автономиясының бірінші премьер-министрі, зерттеуші-тарихшы. «Қазақ халқының тарихы» қазақтардың шығу тарихы жан-жақты әрі көркем түрде әңгімелейді. Қазақ халқы деген ұғымды құрайтын түп-тамыр мен тармақтарды, қазақтың ру-тайпаларын тереңінен сипаттайды. Сондай-ақ кітапта қазақ шежіресі қосымша кесте түрінде берілген.
Жүз жылдан соң жарық көрген кітап өз тарихына бейжай қарамайтын қалың оқырманға арналады.