Саясат

Серік Жұманғарин ұлттық экономика министрі болып тағайындалды

Мемлекет басшысының жарлығымен Серік Жұманғарин ұлттық экономика министрі болып тағайындалды. Бұл туралы KYN.KZ  тілшісі Ақордаға сілтеме жасап хабарлайды.

"Мемлекет басшысының Жарлығымен Серік Мақашұлы Жұманғарин Қазақстан Республикасы премьер-пинистрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі болып тағайындалды. Ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды", - делінген Ақорда хабарламасында.

Оны тағайындамас бұрын мәжіліс премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрінің кандидатурасына келісім берді.

"Бүгін парламент мәжілісінің экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің отырысында Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі лауазымына Серік Мақашұлы Жұманғариннің кандидатурасы келісілді", - делінген мәжілістің Telegram-дағы парақшасында.

Премьер-министрдің ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес, Серік Мақашұлы Жұманғарин 1969 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Мәскеу Ленин орденді және Октябрь Революциясы орденді энергетикалық интитутын, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін, Халықаралық бизнес академиясын тәмамдаған.