Басты жаңалықтар

Түркияда тікұшақ ауруханаға соғылып, бірнеше адам қаза тапты

Денсаулық сақтау министрі әлеуметтік желіде оқиғаға қатысты пікір білдіріп, қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтты

Түркияның "Анадолу" интернет-порталының хабарлауынша, бүгін Мугла қаласында санавиацияның тікұшағы көпқабатты аурухананың төртінші қабатына келіп соғылған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.

Әуе апаты салдарынан тікұшақтың екі пилоты, бір дәрігер және жедел жәрдем қызметкері қаза тапты.

Мугла оқу-зерттеу ауруханасынан ұшып шыққан тікұшақ Антальяға қарай бағыт алып, алайда ұшу кезінде ауруханаға соғылып, сол маңға құлаған.

Апат туралы хабарлама тарағаннан кейін оқиға орнына көптеген өрт сөндіруші, медицина қызметкері, полиция және құтқарушылар барды.

Мугла губернаторы Идрис Акбийик бірден қайғылы оқиға болған жерге барып, журналистерге түсініктеме берді. Оның сөзінше, апат салдарынан тікұшақта болған екі ұшқыш, бір дәрігер және жедел жәрдем қызметкері қаза тапқан. Акбийик атап өткендей, ауданды бүгін қалың тұман басқан. Қазір апат себептері анықталып жатыр. Ол аурухана қирамағанын айтты.

Ал елдің денсаулық сақтау министрі әлеуметтік желіде оқиғаға қатысты пікір білдіріп, қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтты.

«Біздің министрліктің қарамағындағы жедел жәрдем тікұшағы Мугла оқу-зерттеу ауруханасына соқтығысып, жерге құлады. Апат салдарынан біздің төрт әріптесіміз, оның ішінде екі ұшқыш, бір дәрігер және медицина қызметкері қаза тапты. Біз олардың отбасына көңіл айтамыз. Оқиғаны тергеу жалғасуда, тиісті ақпарат жария етіледі», – деді ол.

Жергілікті полиция қызметі осы апатқа байланысты қылмыстық іс қозғады.