Қоғам

«Пышақпен қорқытқан, электрошокер қолданған»: Атырауда көпбалалы ана мұғалімнің баласына қорлық көрсеткенін айтты

Қазіргі кезде тергеу жүргізіліп жатыр

Атырауда көпбалалы ана Сармат мектебінің мұғалімдерін ұлына зорлық көрсетті деп айыптады. 10 сыныпта оқитын баласы оқудан шығарылған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі "Мой город" басылымына сілтеме жасап.

«Алтын алқа» иегері Нұргүл Лампусинованың айтуынша, мектептен шығарылған баласы қазіргі кезде күйзелісте жүр.

"Мұғалім баламнан насыбай тауып алыпты. Тәртіп бұзғаны үшін пышақпен қорқытқан, электрошокер қолданған екен. Бірақ баламның насыбай тұтынғаны туралы ешқандай дәлел жоқ. Мектеп ешбір видео, фотосуреттер мен куәгерлерді бермеді. Ұлым сол үшін мектептен шығарылды", –дейді оқушының анасы.

Лампусинова ұлын тексерткен, бойында химиялық заттар анықталмаған.

Ал мектеп директоры Нұрлан Елеуов көпбалалы ананың мұғалімдер кеңесіне келмегенін және баланы оқудан шығаруға ата-аналар комитеті мен қамқорлышық кеңесінің қолдағанын айтты.

“Оқушының анасы берген сынақтар наркологиялық орталықта емес, жеке зертханада жасалған. Бұл мектеп басшылығының күмәнін арттырады. Бұған дейін де оқушы электронды темекі арқылы ұсталып, ескерту алған”, – деді директор. 

Тағы бір оқушы буллинг үшін мектептен шығарылған. Қазіргі уақытта осы екі жағдай бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр екен.

"Екінші оқушы буллинг үшін оқудан шығарылды. Себебі ол 7-сынып оқушысын жүйелі түрде қорлап келген. Бұл жағдай 10-сынып оқушысымен болған оқиғадан төрт күн өткен соң орын алды ", – деді мектеп директоры.

Аталған факті бойынша Атырау облысының полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 140-бабының 2-бөлігі (Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеу жүргізіліп жатыр.