Қоғам

"Енем бетіме түкіріп, күйеуім жынды деген құжат әпермек болды": Асхат Садырбайдың бұрынғы әйелі одан қорлық көргенін айтты(ВИДЕО)

Айғаным Болатқызы: Журналист күйеуім баланы тартып алу үшін қазірге дейін маған тыныштық бермейді.

 Журналист әрі тележүргізуші Асхат Садырбайдың бұрынғы әйелі, қазір ұлын өсіріп отырған Айғаным Болатқызы KYN.KZ  журналисіне ел алдында жүрген азаматтан қорлық көргені жайлы айтты. Сөзінше ұлдары дүниеге келгеннен бастап қарым-қатынастары нашарлап, ұрыс-керіс басталған. Бала үш жасқа толғанша бірнеше рет ажырасып, қайта қосылып, екі адамның мәселесі екі әулеттің тынышын құртқан.  

Айғаным Болатқызының сөзінше күйеуі оны ұрып-соғып, үйден қуып, ақшасыз далада қалдырған күндері болған. Тіпті бір жастан асқан ұлын анасына көрсетпей алып қашып жүрген көрінеді.

Айғаным Болатқызы ұлы 8 жасқа толса да оның әкесі өзін сотқа сүйреп, мазасын қашыратынын айтады.

"Мен ел алдына шығып сондай журналист қызметін атқарып жүрген азаматтың абыройына тимес едім. Осынша уақыт жаным қиналып жатса да шыдадым. Бірақ, не үшін мен оның айыбын жасыруым керек деген ойға тоқтадым. Ол ұлын алып алмақ болып, оның анасына зәбір көрсетті, әлі де тыныштық бермейді. Қит етсе мені сотқа шақырып тұрады. Ұлымен көріссін, аралассын, бірақ меннен тартып алуына жол бермеймін. Ол мені қарапайым отбасының кішкентай, ештеңе көрмеген, шағын ауданнан шыққан қарапайым қыз деп басынды. Ұрды, соқты.  Барлығы сондай бір түсініспеушілікпен болған шығар сол кезде деп қоюыма, тыныш кетуіме болатын еді. Бірақ қазіргі күні де соттасып жүрмін. Бар ойы баланы алып алу. 8 жастағы оқушы баланың миын улау ма деп қаламын. Ол бала ғой. Мен сияқты қысымда, түсініспеушілікте жаны ауырғанын қаламаймын. Сол себепті бар жағдайды айтайын деп бел будым",-деді Айғаным Болатқызы.

Күйеуімнен қорлық көрдім деген келіншек өзге қыздардың осындай қателіктерді жібермегенін қалайды. Сол себепті көлемді видео сұхбатта барлығын басынан баяндап, түсіндірген еді.