Басты жаңалықтар

Семейде шырша безендіру кезінде мұғалім биіктіктен құлады: тексеріс басталды

Қуат Айтқалидің оқиғасына қатысты арнайы комиссия құрылды

Семейде шырша безендіремін деп мұғалімнің биіктен құлауы бойынша тексеріс басталды. Алайда Еңбек инспекциясы ұстаздарды қара жұмысқа жеккен үш мектепте емес, тек зардап шегушінің қызмет орнын ғана тексермекші, - деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

«Бұл жерде мұғалімдердің мәртебесі туралы заң бар. Онда жазылған, мектеп мұғалімдерін басқа жұмысқа тартуға шектеу қойылған. Сол жағынан бұзушылық бар. Бұл жерде үш мектепке де тексеріс жүргізілмейді. Жазатайым оқиға бойынша ғана жүргізіледі», - дейді Абай облысы мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаментінің бөлім басшысы Тоқтарбек Түсіпбаев.

Қуат Айтқалидің оқиғасына қатысты арнайы комиссия құрылды. Мамандар «Педагог мәртебесі туралы» заңның өрескел бұзылғанын мойындап отыр. Енді олар он күн ішінде қызметтік тексеріс қорытындысын құзырлы органдарға өткізуге тиіс. Ал шыршадан құлаған ұстаздың оқиғасынан кейін шаһардағы үш мектептің директоры мен қала әкімінің орынбасарына сөгіс жарияланды. Қалалық білім бөлімінің басшысы қызметінен қуылған. Ал ауыр жарақат алған мұғалім есін жиыпты. Алайда жағдайы әлі де ауыр, дейді туыстары.

«Бүкіл медициналық көмекті біз көрсетеміз. Одан кейін оңалту жасап, өміріне қайтуға бүкіл жағдайын жасаймыз. Операция жасады. Ұйыған қанының бәрін алып, пластика жасады. Қазір пациент есін жиған», - дейді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Гүлнара Сәрсенбаева.