«5500 теңге»: 2025 жылдан бастап жағдайы төмен отбасындағы әр балаға көмек беріледі
Еңбекке қабілетті мүшелері жоқ отбасылар шартсыз көмек, ал құрамында жұмысқа орналаса алатын кем дегенде бір еңбекке қабілетті мүшесі бар отбасылар шартты көмек алады
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде табысы аз азаматтарды әлеуметтік қорғау шаралары және 2025 жылдан бастап енгізіліп жатқан атаулы әлеуметтік көмекті (бұдан әрі – АӘК) тағайындаудың жаңа тәсілдері туралы айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
Вице-министр сөз басында жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен төмен отбасыларға азаматтарды қиын өмірлік жағдайдан шығару үшін кешенді қолдау көрсетуге бағытталған АӘК берілетінін атап өтті.
АӘК мыналарды көздейді:
- - шартсыз және шартты негізде тоқсан сайын берілетін ақшалай төлем. Еңбекке қабілетті мүшелері жоқ отбасылар шартсыз көмек, ал құрамында жұмысқа орналаса алатын кем дегенде бір еңбекке қабілетті мүшесі бар отбасылар шартты көмек алады;
- - жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары. АӘК тағайындаудың барлық кезеңіне отбасымен әлеуметтік келісімшарт жасалады. Келісімшартты бұзу әлеуметтік көмек төлеуді тоқтату және келесі 6 айда АӘК тағайындаудан бас тарту үшін негіз саналады;
- - табысы аз отбасылардың 1 жастан 6 жасқа толған балаларының әрқайсысына 1,5 АЕК (5 538 теңге) мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем беру.