Ақтаудағы ұшақ апаты: қара жәшіктер Бразилияға жіберілді
- автор Томирис Тоныкөк
- 30 желтоқсан, 2024
- 215
Қазақстан Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақтың қара жәшігін Бразилияға жіберді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Борттық өздігінен жазғыштар Бразилияның авиациялық апаттарды тергеу және алдын алу орталығына (CENIPA) жеткізіледі. Авиациялық оқиғаны тергеу комиссиясы да ұшып кетті.
Чикаго конвенциясының 13-қосымшасына сәйкес тергеу жүргізетін мемлекет борттық өздігінен жазғыш деректерін оқуды қамтамасыз етеді және оларды қай елде таратып жазу туралы шешім қабылдайды.
Қазақстан бұл Конвенцияны 1992 жылы ратификациялады және Халықаралық Азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) мүшесі болып табылады.
Жоғарыда аталған құжаттың негізінде, сондай-ақ ИКАО ұсынымдарын ескере және Әзербайжан мен Ресейдің авиациялық билік өкілдерімен кеңесе отырып, ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев басқаратын авиациялық оқиғаны тергеу жөніндегі Комиссия борттық өздігінен жазғыштарды (қара жәшіктерді) Embraer әуе кемесін шығарушы Бразилияның авиациялық оқиғаларды тергеу және алдын алу орталығына (CENIPA) жіберу туралы шешім қабылдады.
CENIPA орталығында қажетті техникалық мүмкіндіктер қарастырылған, тиісті құралдармен жабдықталған және оларды оқу үшін сертификатталған зертхана бар.
Бұл мәселе Мемлекет басшысының жеке бақылауында.