Семейде шырша безендіру кезінде биіктіктен құлаған мұғалім ауруханадан шықты
Бұл оқиғадан соң білім бөлімінің басшысы қызметінен босатылған
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Семейде шырша безендіру кезінде биіктен құлап, жарақат алған мұғалім ауруханадан шыққанын мәлімдеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Қазір бұл істің әкімдіктің бақылауында екенін жеткізді.
«Ол мұғалім бүгін таңертең ғана ауруханадан шықты. Оның аман-сау шыққаны туралы хабар жетті. Бұл іс қазір әкімдік бақылауында. Бірінші кезектегі шаралар қабылданды. Жауапты адамдар жазаланды», – деді министр.
Оқиғадан соң қандай жауапты тұлғалар тәртіптік жазаға тартылғаны белгілі болды.
«Қала әкімінің орынбасары сөгіс алды. Білім бөлімінің басшысы «Педагог мәртебесі туралы» заңның орындалуына немқұрайлы қарағаны үшін қызметінен босатылды. Үш директор тәртіптік жауапкершілікке де тартылды. Осы бағытта өтемақы төлеу бойынша жұмыс жалғасуда», - деді Бейсембаев.