Мәдениет

Мұхтар Мағауин өмірден өтті

Ұлының жазуынша, жазушы АҚШ-тың Мерилэнд штатындағы үйінде, бала-шағасының ортасында болған

Кемеңгер жазушы Мұхтар Мағауин 83 жасында өмірден озды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Бұл туралы ұлы Едіге Мағауин әлеуметтік желіде жазды.

“Арыстан ӘКЕМ фәниден бақиға аттанып кетті, АҚШ-тың Мерилэнд штатындағы үйінде, бала-шағасының ортасында, 2025 жылғы қаңтардың 9-ы, жергілікті уақыт бойынша сағат 19:55-те (Қазақстан уақыты бойынша қаңтардың 10-ы, сағат таңғы 5:55)”, - деп жазды ұлы Едіге Мағауин.  

Мұхтар Мұқанұлы Мағауин – 1940 жылы 2 ақпанда Семей облысының Шұбартау ауданында туған.

1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін, 1965 жылы оның аспирантурасын бітірген.

Еңбек жолын 1965 жылы бастады. «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі ретінде бастаған.

Әр жылдары «Жазушы» баспасында бас редактордың орынбасары, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер блоып істеп, Мәскеуде М.Горький атындағы Әдебиет институтында қазақ фольклоры мен қазақ әдебиеті тарихы бойынша арнайы лекциялық курстар жүргізген.

«Жазушы» баспасының бас редакторы, «Жұлдыз» журналының бас редакторы болған.

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әдебиет зерттеушісі, Қазақстанның Халық жазушысы, Түркияның Халықаралық «Түркі дүниесіне қызмет» сыйлығының сахибы. «Аласапыран» тарихи романы үшін Қазақ КСР-інің Абай атындағы мемлекеттік сыйлығы берілген.

2008-2015 жылдар аралығында «Шыңғыс хан және оның заманы» тарихи деректі тетралогиясын жазды.

2015 жылдың шілдесінде АҚШ-қа түпкілікті қоныс аударып, 2019 жылы шығармаларының 5 томдық «Толық жинағын» баспаға әзірледі.