“Жалған ақша”: ҚМА қазақстандықтарға үндеу жасады
Жалған ақшалардың сомасы 80 миллион теңгеден асты
Әлеуметтік желіде шынайы ақша мен жалған немесе сувенирлік ақша бейнеленген видео тарады. Осыған байланысты ҚМА азаматтардың назарын валюталық операцияларды жүзеге асыру кезінде сақтық шараларын сақтауды ескертті, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Өткен жылдың басынан бастап Қазақстан аумағында айналымнан 2 мыңға жуық жалған банкнота алынып, қаржылық тұрақтылыққа елеулі қауіп төндірген.
"Бұл бейнероликтер адамдар тиісті назар аудармай, шынайы ақшаны жалған немесе сувенирлік ақшадан ажырата алмайтынын және заңсыз операцияларға қатысу сияқты жағымсыз салдарға әкеп соғатынын көрсетеді. 2024 жылдың басынан бастап Қазақстан аумағында айналымнан 2 мыңға жуық жалған банкнота алынып, қаржылық тұрақтылыққа елеулі қауіп төндірді. Жалпы алынған жалған ақшалардың сомасы 80 миллион теңгеден асты", - делінген хабарламада.
Жалған банкнота жасаумен және сатумен айналысқан 8 адам бас бостандығынан айырылған.
"Мұндай жағдайларды болдырмау үшін ақшалай операциялар кезінде банкноталарды тексеріңіз. Ақша қағазының сапасына, қорғаныш элементтеріне (мөртаңбасы, микроэлементтер, белгілі бір жарықта көрінетін белгілері) және текстура мен шрифтіне назар аударыңыз.
Жалған ақша жасаушылардың құрбаны болып қалмау және қылмыстық қудалауға түспеу үшін, бөтен адамдармен ақша алмастырып, валюта айырбастау бойынша қолайлы курс ұсынса да делдалдармен мәміле жасамағаныңыз дұрыс", - делінді.