Мобильді аударым: салық қызметкерлері кімдерді бақылауға алды
Мемлекеттік кірістер комитеті мобильді аударым қалай бақыланатынын түсіндірді, деп хабарлайды KYN.KZ комитеттің телеграм каналына сілтеме жасап.
Мобильді аударым заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығару үшін бақылауға алынып отыр. Егер жеке тұлғаның есепшотына қатарынан үш ай бойы ай сайын жүз және одан да көп әртүрлі тұлғадан ақша аударылса және ол 255 мың теңгеден асып кетсе, ондай аударым туралы ақпарат салықшыларға жіберіледі.
Комитет 2025 жылдан бастап банктерден жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың басшылары мен олардың жұбайларына қатысты ақпарат алынатынын да жариялады. Банктер 2024 жылдың қорытындысы бойынша есеп ұсынады.
Бұған дейін мемлекеттік қызметшілер, бюджет және квазимемлекеттік сала қызметкерлерінің мобильді аударымдары бақылауға алынған болатын. Ал 2026 жылдан бастап барлық жеке тұлғаның аударымдарына қатысты ақпарат салық органдарына түседі.
"Аталған шара жасырын кірістер мен тіркелмеген кәсіпкерлерді анықтауға бағытталған, өйткені көптеген кәсіпкер тауарлар, жұмыстар мен қызметтер үшін төлемді кәсіпкерлік қызметке арналмаған жеке шоттарға мобильді аударымдар арқылы қабылдайды", - дейді салықшылар.