Кілем тиеген жедел жәрдем: Астана қаласының Денсаулық сақтау басқармасы бейнежазбаға қатысты түсініктеме берді (ВИДЕО)
- автор kyn.kz
- Бүгін, 13:47
- 34
Жедел жәрдем көлігіне кілем тиеліп жатқан бейнежазба әлеуметтік желіде кеңінен таралды. Видео Telegram-дағы "Жалобы Астана" арнасында жарияланды. Кадрда екі ер адамның жедел жәрдем көлігіне кілем тиеп жатқаны көрсетілген. Бейнежазбаның сипаттамасында видео Астананың орталық базарында түсірілгені жазылған.
"Міне, халқым, біз күтетін жедел жәрдем қайда жүргенін қараңыздар. Бұл енді сұмдық", – делінген жазбада.
Осыған байланысты Астана қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы өкілдері пікір білдірді.
Ведомство өкілдері видеоға түсірілген көлік "Қалалық психикалық денсаулық орталығындағы" мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының балансында екенін айтты.
"Жүргізуші шаруашылық басқармасы басшысының тапсырмасымен Орталық базар аумағына бұрын балалар бөліміне сатып алынған тұрмыстық заттарды (кілемдерді) тиеу үшін барды", – деп хабарлады Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы өкілдері.
Аталған факті бойынша тексеру жүргізіліп, оның барысында қызметтік көліктерді пайдалануға жол берілмейтіні анықталды.
"Жүргізуші мен шаруашылық басқармасы басшысына қатаң сөгіс беріліп, тәртіптік шаралар қолданылып, профилактикалық әңгімелер жүргізілді", – деді ведомстводағылар.