Мәдениет

«Өзің кеттің, мәңгілік сен қалдың»: Дулат Исабеков марқұм Мұхтар Мағауиннен кешірім сұрады

Жазушы Мұхтар Мағауиннің қазақ халқы үшін үлкен олжа тастап кеткенін айтты

Белгілі жазушы-драматург Дулат Исабеков бірер күн бұрын көз жұмған белгілі жазушы, ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұхтар Мағауиннен кешірім сұрады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Дулат Исабеков "Хабар" арнасындағы "7 күн" ақпараттық-сараптамалық бағдарламасына берген сұқбатында әңгімеледі.

"Мұхтар Мағауин қайтыс болды дегенді естігенде өзім отырып қалдым. Кеше ғана сау адам сияқты еді. Екеуміз айтысып жүр едік қой. Адам тіршілігінде өлмейтіндей жүреді екен. Менен кейін қайтыс болады деуші едім. Айналайын, Мұқа сәл артық айтып қойсам әруағың кешірсін. Артық айтқан ештеңем жоқ сияқты деп ойлаймын. Артық десең, кешірім сұраймын. Қазақ халқы үшін үлкен олжа тастап кеттің. Өзің кеттің, мәңгілік сен қалдың. Шығармаларың қалды. Мұхтар деген атың қалды", - дейді Дулат Исабеков.

Еске салсақ, танымал жазушы Мұхтар Мағауин 85 жасына қараған шағында АҚШ-тың Мэриленд штатындағы үйінде өмірден өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Мағауиннің отбасы мен жақын-жуықтарына көңіл айту жеделхатын жолдаған болатын.